Сексенге келіп, сергелдеңге түскен қария - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сексенге келіп, сергелдеңге түскен қария

01.02.2019

Ақтөбе облысының Бестамақ ауылында жалғызілікті қария 20 жылдан бері жарықсыз, жылусыз үйде өмір сүріп келеді. Қамқорлық білдірер жақыны жоқ жанды жергілікті әкімдік өкілдері де назарға алмаған. Ақсақалдың жағдайы туралы ерікті жастар хабарлағаннан кейін ғана жергілікті билік әрекет ете бастады.

Қарияның жалғыздықты серік еткеніне біраз уақыт болған. Сыз тартқан үй. Жылы төсек пен ыстық тамақ болмағасын, соңғы жылдары жиі ауырады. Бүгін де қария төсек тартып жатыр. Қарайласатын ешкімі жоқ. Зайыбынан ерте айырылған, екі баласы да қатынаспай кетіпті.

Қабидолла Мұхамбетов, Бестамақ ауылының тұрғыны:

- Туысқанға? Ой, туысқанға баруға болмайды. Оның әйелі бар, балалары бар. Көршілерге жоламаймын. Анда-санда шақырады.

Жарылған пеш, сырланбаған қабырға. Баспананың көптен күтім көрмегенін бұрыш-бұрышқа жиналған мынадай шаң-тозаңнан да аңғаруға болады. Үй ішінің салқындығы сондай - сырткиімсіз жүру мүмкін емес.

«Қараңғылыққа қамалғаныма 20 жылдан асты», - дейді Қабидолла ақсақал. Көгілдір отынды да көрмегелі біраз болыпты. Мамандар әлдеқашан қиып кетіпті. Түнде шамның жарығымен, ошақтың жылуымен ғана амалдайды. Ауылдастарының айтуынша, қарияның жан баласына зияны жоқ. Көршілермен де тату.

Хамза Дүйсенғалиев, көршісі:

- Газ жоқ. Кім қарайды оған? Жалғыз өзі жата береді. Ешкімге зияны жоқ.

Қария ертеректе құқық қорғау саласында еңбек еткен. Одан кейін зейнетке шыққанша әртүрлі қара жұмысты атқарған. Қазір 50 мың теңге шамасында зейнетақы алады. «Бірақ оның өзі толығымен қолыма тие бермейді», - дейді ол. Жақында арнайы әлеуметтік қызметкер бекітіліпті.

Қанат Дәулеталин, Бестамақ ауылдық округінің әкімі:

- Тамыз айында барғанымызда қарттар үйіне орналастырайық деп ұсыныс білдірдік. Бірақ ол кісі бас тартты. Бас тартқан адамды мәжбүрлеп апара алмаймыз.

Көптен бері жолы түспеген ауылдың атқамінерлері ақсақалға бүгін арнайы келіпті. Қарияның көңілін біліп, қалай сөйлеу керектігін үйретіп жатты. 20 жыл бойы болмаған жарық та аяқасты қосылды. Ал, өзін аудан орталығындағы ауруханаға жатқызды.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу