Бүгіннен бастап Мәжіліс депутаттары өңірлерде тұрғындармен кездесу өткізіп жатыр. Заңнамалық жұмыстары туралы баяндап, азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдайды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен, жастармен кездесті.
Қуаттылығы 600 мың тонна Жамбыл облысының «Қазфосфат» кәсіпорны Қазақстандағы химиялық өнімдердің 20 түрін өндіреді. Минералды тыңайтқыштары да ауыл шаруашылығына қажет. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты, жұмысшылармен жүздесті, төменгі палатаның заңнамалық жұмыстары туралы айтып, қазіргі таңда Елбасының бастамаларын жүзеге асыру үшін қабылданып жатқан заңдардың игілігі жайында әңгіме өрбітті. Бүгінде әлемнің 27 еліне өнімін экспорттап отырған зауыттың қарқыны жаман емес. Жұмысшылардың да жағдайы жақсы.
Арман Қарағалиев, кәсіпорын қызметкері:
- Елбасының қолдауына біз өз алғысымызды білдіреміз. Компаниямыз көркейіп жатыр, жастарға жатақхана, спорт кешені соғылған болатын. Жұмыс істеймін деген адамға әрдайым жұмыс бар. Айлығымыз тұрақты. Осында істеп жатқаныма 13 жыл болды.
Қазақстанда 18 миллионнан астам халық болса, соның 20%-дан астамы жастар. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап оларға қамқорлығын тоқтатқан емес. 1993 жылы жұмысын бастаған «Болашақ» бағдарламасы арқылы 10 мыңнан астам қазақстандық мұхит асып, шетелде білімін жетілдірді. «Дипломмен ауылға», «Серпін» бағдарламалары сенделіп жүрген жастарға жұмыс табуға мүмкіндік берсе, «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары өскелең ұрпақтың инновацияға бет бұруына жол ашты. Бұл - болашаққа салынған инвестиция, бұл - өскелең ұрпаққа мейірім мен қолдау.
Озық идея, оң өзгеріс, тың бастама. Мәжіліс спикерінің жамбылдық жастармен кездесуінде кемел келешек жайы сөз болды. Сезім мен сенімнің биіктігін,таным мен тағылымның тереңдігін көрсеткен жас көшбасшылар кездесуге өз жетістіктерімен келіпті. Олар жуырда Елбасының Жастар жылының ашылуында сөйлеген сөзін зор ықыласпен тыңдап, жігерленгендерін айтады. «Президенттің барлық бастамалары – жарқын болашаққа сенімімізді нығайта түсті», дейді.
Бағдәулет Кемалов, 2-курс студенті:
- Елбасы жастарды қолдап, бізге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Біз сол мүмкіндікті пайдаланып, елімізге септігімізді тигізуіміз керек. Ұлы Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Жастықтың оты жалындаған, талаптың аты арындаған жыл басталды. Бұл жылы тың жобалар, креативті идеялар жарық көреді деп сенемін.
Мәжіліс төрағасы «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалында қабылдау бөлмесінде жеке мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдады. Алаңдатқан мәселелерін тыңдап, тұщымды жауап берілді.
Ел мұраты, халық мүддесі. Бүгінде мемлекет тарапынан экономиканың тамырына қан жүгіртіп, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жаңа жетістікке бастайтын жаңа бастамалар бар. Біреу емес, екеу емес ,санаулы емес, сан қырлы, енді оны тек сапалы жүзеге асыру қажет.
Индира Бегайдар, тілші:
- Алдағы 10 күнде Мәжіліс депутаттары өңірлерде болады. Заңнамалық жұмыстар, жастар жылының шарапаты мен шапағаты туралы еңбек ұжымдарына, кәсіпкерлерге, дәрігерлерге, ұстаздар мен ауыл шаруашылығы мамандарына айтады. Қазақстандықтардың ұсыныс-тілектерін тыңдайды.
Айта кетейік, депутаттар тек облыс орталықтарына ғана емес, шалғай елді мекендерге де барады. Өйткені, Парламенттің төменгі палатасы Президент тапсырғандай сапалы заңндармен қамтамасыз етіп, халықпен тығыз жұмыс істеуі тиіс.
Индира БЕГАЙДАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.