«Бұл - өте жақсы көрсеткіш», - дейді полицейлер. Оның ішінде аса ауыр қылмыстар да бар.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл - Лада есімді неміс овчаркасы. 7 жылдан бері полицейлердің сенімді серігі болып жүр. Осы уақыт аралығында 20-ға жуық қылмыс ашып үлгеріпті. Оның арасында ұрлық фактілері мен ең ауыр қылмыс та бар.
Орталықта Лада секілді иттер аз емес. «Бәрінің де жұмысы нәтижелі»,-дейді мамандар. Мәселен, полицейлер жуырда ғана осы иттердің көмегімен ұрыны ізін суытпай ұстады.
Асылхан Жақып, кіші инспектор-кинолог:
- Оқиға болған жерге тез арада барып, қызметтік итімді қолдандым. Ізге түсіп, қылмыс жедел ашылды.
Соңғы бір жылда облыста 300 келіден астам есірткі заты тәркіленіп, 24 іс қаралған. Бұл істе де төрт аяқты сақшылардың еңбегі зор. Бельгия төбеті бүгін есірткі имитаторын жазбай таныды.
Сапабек Рақымов, облыстық Полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының басшысы:
- Былтыр күдіктінің үйін тінту барысында қызметтік иісшіл иттердің көмегімен 50 келіден астам марихуана есірткі заты тәркіленді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда жетістіктеріміз көп.
Орталықта одорологиялық зерттеулер де жүргізіледі. Бұл жерде қылмыс орнында қалдырылған күдіктінің иісі арқылы қылмыскердің кім екенін анықтауға болады. Яғни, айғақ зат бірнеше құтының бірінде ғана болады. Иісшіл ит оны дәл тапса, қылмыскер бұлтара алмайды.
Орталықта 35 иттің өз міндеті бар. Төрт аяқты сақшылар былтыр есірткі заттарынан бөлек, 278 ұрлық, 38 тонау ісі, 6 қарақшылық пен екі адам өлімін анықтауға көмектескен.
Жақсыбек КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.