Елордада бейнекамералар көмегімен 2324 қылмыс ашылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада бейнекамералар көмегімен 2324 қылмыс ашылған

28.03.2022

«Нұр-Сұлтан – есірткісіз қала». Елордада осындай атаумен жаңа бағдарлама әзірленіп, есірткіге қарсы күрес күшейді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің бастығы айтты. Марат Төлебаев халықпен есептік кездесуін «Zoom» режимінде өткізіп, атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Былтыр еліміздің бас қаласында есірткі әзірлеумен айналысқан үш зертхана анықталған. Заңсыз айналымнан 170 киллограмға жуық есірткі тәркіленді. Жол қауіпсіздігі де басты назарда. Соңғы бір жылда елордада көлікті мас күйінде жүргізгені үшін 2 мыңға жуық адам ұсталған.

33 жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал бейнебақылау көмегімен бір жылда 2300-ден аса қылмыс ашылған. Бүгінде полицияның жедел басқару орталығына 25 мыңға жуық камера қосылған. Бейнебақылау жүйесі полиция қызметкерлерінің жұмыс орындарына да қойылып жатыр.

Марат Төлебаев, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің бастығы:
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, азаматтардың Конституциялық құқықтары мен заңдылықтың бұзылуына жол бермеу мақсатында жедел-іздестіру және тергеу жұмысы қызметкерлерінің кабинеттерінде 566 бейнебақылау камера орнатылды.

 Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу