Елордадағы үлескерлердің мәселесі 2022 жылға дейін толығымен шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы үлескерлердің мәселесі 2022 жылға дейін толығымен шешіледі

22.01.2019

Биылдың өзінде мәселеге айналған 28 нысанның бесеуінде құрылыс жұмыстары басталмақ. Бас қаладағы басты проблеманы шешу үшін бүгін арнайы жол картасы әзірленді. Бағдарламаны Астана әкімдігі «Елорда» құрылыс компаниясымен бірігіп жүзеге асырады.

Сұлтан Мұсаевтың үй аламын деп, үйдей бәлеге жолыққанына - 7 жыл. 2012 жылы 12 млн теңгесін «Азбука жилья» құрылыс компаниясына санап берген. «Комсомолский» тұрғын үй кешенінен баспана алу үшін. 7 жылын күйзеліспен өткізген үлескер енді не істерін білмей дал.

Сұлтан Мұсаев, үлескер:

- 600-дей тұрғын тұратын үй ғой. Қазір 564 отбасы үйсіз жүр. Әрқайсысы пәтер жалдап тұрып жатыр. Күтіп-күтіп, қайтыс болған 2-3 адам бар.

Астанада Сұлтан сияқты алаяқтарға алданып, үйлерін ала алмай жүрген 10 мың үлескер бар. Барлығы бүгін ғана қала әкімдігі қабылдаған жол картасынан үмітті. Бағдарлама бойынша алдымен бірлескен шарттар жасалып, қаржыландыру мәселесі шешіледі. Сондай-ақ, жер учаскелерінен кедергілер алынып, мердігер компаниялар анықталады.

Биыл аталған 5 нысанда жұмыс басталса, қалған 23 тұрғын үй кешенінің мәселесі рет-ретімен 2022 жылға дейін толығымен шешіледі. Ал, үлескерлердің қосымша төлемақы жүргізетіні әлі білгісіз.

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу