Қазіргі мына қымбатшылық заманда жалақыны бірнеше күнге кешіктіргеннің өзінде, айлықтан айлыққа дейін өмір сүріп отырған отбасылар біраз қиналып қалатыны жасырын емес. Ал, Маңғыстау облысында жұмысшылар 1,5 жылдан бері жалақыларын алмай жүр екен. Маңғыстау ауданындағы коммуналдық мекеменің 70-тен астам қызметкері әділдік іздеп, ақыры құзырлы органдарға арызданған. Бірақ, әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Ал, кәсіпорынның жұртқа берешегі 12 млн теңгеге жеткен.
Жұмысшылардың дені еңбекақысын бермеген соң, коммуналдық мекемеден әлдеқашан кеткен. Қазір мұнда небәрі 8 адам қалыпты. Жұмыс істеп жүр, бірақ, жалақы алмайды.
Шынтемір Қалменов, жұмысшы:
- Қарызым көбейіп кетті. 4 балам бар. Оларға оқу құралдары керек.
Іңірбай Арашев, жұмысшы:
- 2017 жылдан бастап осында жұмысқа кірдім. Арасында 20 мың, кейде 30 мың береді. Енді басқа амал жоқ.
Қосымбай ақсақал да коммуналдық шаруашылықтың 10-разъездегі бөлімшесінде жұмыс істеген. Соңғы 1 жылдағы еңбекақысын сұрап, аудан орталығына күнара келеді.
Қосымбай Дәрип, 10-разъездің тұрғыны:
- Оператормын. Айлық жоқ. Бір жыл отырған соң, «Дария» деген мекемеге ауыстырды. Содан 2-3 айдан бері айлық алып жатырмыз.
Айлап емес, жылдап жалақы бермеген кәсіпорынның жұртқа берешегі 12 млн теңгеге жеткен. Ол аз дегендей, 89 млн теңге салық төлемеген. Сондықтан, коммуналдық қызметтің есепшоттары бұғатталған. Шарасыз қалған кейбір жұмыскерлерді жергілікті билік амалсыз басқа шаруашылыққа ауыстырған.
Жармағанбет Айтуаров, Маңғыстау ауданының әкімі:
- Халықтың алажақ ақшасы бар. Осыған қатысты жұмыстар атқарылуда. Қоқыс төгетін полигонға байланысты келісімшарт жасалды. Соның есебінен еңбекақыларын алатын болады.
Аудан әкімі ақпан айына дейін жұмысшылардың еңбекақысы төленеді деп сендірді. Алайда, құрғақ уәдеге құлақ асып, осы уақытқа дейін алданған азаматтар прокуратураға шағымданған. Шығыны шаш етектен болған коммуналдық мекемені енді құзырлы органдар тексермек.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.