Алматыда екі бірдей көлікті соғып, ірі жол апатына кінәлі болған жүргізушінің көлігінен полиция киімі мен камералардың тізімі жазылған құжат табылды. Оқиға кеше түнде әл-Фараби даңғылы мен Жароков көшелерінің қиылысында болған.
Бұл биылғы бірінші жол-көлік апаты емес. Былтыр мегаполисте 4050 жол-көлік апаты тіркеліп, 100-ден аса отбасы мезгілсіз келген қазадан қайғы жұтты. Төрт жарым мыңнан астам адам әртүрлі дене жарақатын алған.
«Toyota Land Cruiser 200» автокөлігі алдымен, «BMW седан»-ды соғып, сол жақтағы шеткі жолаққа ұшып кеткен. Ол жерде «Mazda» жеңіл автокөлігімен соқтығысқан. Содан кейін қоршаулар мен жарық бағандарына тіреліп, аударылып қалған. Апатқа кінәлі болған полиция бөлімінің технигі өткен жылы желтоқсанда қызметінен өз еркімен босатылған екен. Қазір ол ауруханада жатыр.
Салтанат Әзірбек, қалалық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі:
Аталмыш дерек бойынша, ҚК 345-бабының 2-тармағы бойынша іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалатын болады. Яғни, тиісті сараптаманың нәтижесінде автокөліктің жылдамдығын айқындаймыз. Жол жүру ережесінің тағы қандай нормаларының бұзылғанын заңдық тұрғыда айқындап, құқықтық тұрғыда баға беретін боламыз.
Жергілікті ішкі істер департаменті мамандарының айтуынша, былтыр Алматыда 4050 көлік апаты тіркелген. Соның салдарынан, 121 адам көз жұмған. 4580 азамат жарақат алған. Тіпті, жол кесапатының кесірінен мүгедек болып қалған жандар да аз емес. Сондықтан, көше бойымен жүргенде жанымызды шүберекке түйіп жүреміз, дейді жұрт.
Сауалнама:
-Осы жол апатын көбінесе өз-өзіне сенімді адамдар жасайды негізінен рөлге жаңа отырған адамнан көрі. Сосын ішіп алып, мас болып көлік жүргізеді. Сондайларға таң қаламын, бұл өз өмірін ойламағаны былай тұрсын, басқа адамдардың өліміне себеп болады. Осының бәрі жауапсыздықтан сияқты.
-Енді екі жақтан да факторлар бар. Мысалы, жол жүргізушілер өздері мас күйінде отырып қалады. Техниканың салдарынан да болып жатады. Жаяу жүргіншілердің өздері тыйым салынған жерден өтіп жатады.
Ресми мәліметке сүйенсек, жол-көлік апатынан жылына үш мыңға жуық адам қаза табады екен. Сарапшылардың сөзінше, бұл тұтас бір ауылдың тұрғындарымен пара-пар сан.
Ал, апат көбінесе алыс жолдардың бойы мен ірі қалаларда тіркеледі. Осы себепті, Алматыда «Сергек» камералары көптеп орнатылып жатыр. Алайда, жол ережесін елемейтіндерге бұл да кедергі болып тұрған жоқ. Сондықтан, енді жүгенсіз кеткен жүргізушілер қатаң жазаланады.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.