Геологиялық барлау жұмыстары жанданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Геологиялық барлау жұмыстары жанданды

12.06.2014
Геологиялық барлау жұмыстары жанданды
Елбасы биылғы Жолдауында геологиялық барлаудың ауқымын арттырып, саланы әлемдік нарыққа шығару туралы атап өтті. Тапсырма аясында елімізде 5 жылдық бағдарлама әзірленді.
 
2015-19 жылдар аралығында бюджет есебінен жүргізілетін геологиялық барлау жұмыстарының көлемі 3 есеге артатын болады. Жоспарды жүзеге асыру басталып та кетті. Мәселен, Батыс Қазақстан өңірінде оннан астам аумақта іздестіру жұмыстары қарқын алды.
 
Захатсор - Жәнібек ауданындағы бұрғылау алаңы. Мұнда геологиялық іздестіру жұмыстары 2011 жылы басталды. Ал былтырғы гравиметриялық және сейсмикалық барлау жер астында мұнай-газдың ірі қоры жатуы ықтимал, деген қорытынды шығарды.
 
Осыған байланысты биыл «Қазгеология» Ұлттық компаниясының тапсырысы бойынша мердігер геологиялық барлау жұмыстарына кірісті.
 
Әлібек Балғазин, ЖШС техникалық директоры:
9-шы сәуірден бастап жұмыс істедік. Ұңғының қазатын тереңдігі 3300 метр болуы керек. Қазіргі уақытта жеткен тереңдігі 1810 метр.
 
Қазір бұрғы қондырғысында 45 маман тәулік бойы үш ауысымда еңбек етеді. Бұған қоса мұнда бұрғылау ерітіндісі зертханасы мен геологиялық-техникалық станциясы іске қосылған. 
 
Жақын күндері 2200 метрден астам тереңдікке екінші ұңғыманы бұрғылау басталады. Қажетті құрал-жабдықтар орнатылуда.
 
Базарбай Нұрабаев, Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы:
 
Осы жерден біз жақсы геологиялық ақпараттарды алатын болсақ, сол ақпараттарды пайдалана отырып басқа да біздің осы жердегі бастапқы жасалынатын жұмыстарды белгілеп отырған бөлімдер бар, сол жерлерде біз барлау жұмыстарын әрмен қарай жалғастырамыз.
 
Ақжайық өңірін геологиялық барлау жер қойнауын пайдаланушылар есебінен де жүргізілуде. Қазіргі таңда 8 компания Карповский-северный, Шежін, Рожков сияқты аумақтарда көмірсутек қорларын іздестіруде.
 
Соңғысы бойынша барлау нәтижелі аяқталып, 2017 жылы кен орнын пайдалануға беру көзделген. Сондай ақ 2017 жылы Батыс Қазақстан өлкесінде ашылған ірі калий тұзының кенінде де өндіру жұмыстары басталады.
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу