ШҚО-да балалар ауылында тәрбиеленіп жатқан жеткіншектерге сыйлықтар табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да балалар ауылында тәрбиеленіп жатқан жеткіншектерге сыйлықтар табысталды

03.01.2019

Шығыс Қазақстан облысында патронаттық тәрбиеге алынған жетім балалар баспаналы болып жатыр. Таяуда тағы бір тәрбиеленуші өз пәтеріне қол жеткізді. Жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балғындарға арналған мемлекеттік мекеме отбасылық жүйе бойынша жұмыс істейді. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жәудіркөз жеткіншектерді өңірдегі түрлі ұжымдар мен кәсіпкерлер де құттықтады.

Бүгінде балалар ауылында 68 тәрбиеленуші бар. Олардың әрқайсысын облыстағы мемлекеттік мекемелер және жеке кәсіпорындар өз қамқорлығына алған. Әлеуметтік-патронаттық көмек көрсететін ұжымдар әр мейрамда келіп, жәудіркөз жеткіншектерді құттықтауды дәстүрге айналдырған.

Ислана Мамытова, балалар ауылының тәрбиеленушісі:

- Бізге, бишілерге, көйлек берді. Әншілерге музыкалық аспаптар сыйлады. Сыйлық өте көп болды, қуаныштымыз. Рахмет айтамыз.

Балалар ауылы да қонақтарды құр алақан қайтарған емес. Әрдайым көнцерттік бағдарлама әзірлеп, өз өнерлерін паш етеді. Қамкөңіл балғындарға қамқорлық көрсететін ұжымдар қатарына биыл жаңа ұйымдар қосылған.

Сымбат Талғатбекұлы, кәсіпкер:

- Біздің компанияның философиясы: өзің көтеріл және өзгеге көмектес. Сол қағиданы қатты ұстанамыз. Жыл сайын қайырымдылық шараларын ұйымдастырамыз. Биыл да балаларды қуантайық деп, сыйлықтар берейік деп келдік. Бірақ, тек қана сыйлық емес, мейірім мен жылуымымызды беруіміз керек деп ойлаймыз.

Әр тәрбиленушінің «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» есепшоты бар. Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы сол шотқа жиналады. Бұдан бөлек, патронаттық мекеме ұжымдары жыл сайын бір күндік жалақыларын аударып отырады. Осылайша, жиналған ақшаның арқасында жетім балалар баспаналы болып жатыр. 

Аман Ислямов, «Облыстық балалар ауылы» ММ директоры:

- Бүгінгі таңда 30-шы бала пәтер алып отыр. Бауыржан деген ұлымыз пәтер алды. 35 балада банкте шоттары бар. Олардың әрқайсысында әртүрлі сомада ақшалар бар. Қазіргі таңда 17 баланың пәтер алатын жағдайлары бар.

Балалар ауылы отбасылық жүйе бойынша жұмыс істейді. Тәрбиеленушілер жастайынан ас дайындауды, үй шаруасын атқаруды үйреніп, өмірге бейім болып өседі. Келген меймандар үй-үйге кіріп, әр шаңыраққа ізгі тілектерін айтып шықты.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу