Жақсының аты өлмейді... - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жақсының аты өлмейді...

27.12.2018

Тарих қойнауына еніп бара жатқан ит жылында қазақ елі біраз аяулы азаматынан айырылып қалды. «Жақсының ісі өлмейді, ізі өшпейді» демекші, туған еліне өлшеусіз үлес қосқан нар тұлғалы азаматтарымыздың абзал есімдері ұмытылмайтыны хақ.

Қазанның тоғызы күні қазақ әдебиетінің қара нары, қазақ журналистикасының жампозы, «Шындықтың жебесі» атанған Шерхан Мұртаза дүние керуенінен қайтып, мәңгілікке атанды. Шераға кеңестік жүйенің кеңеспей кесетін сұрқай саясатынан сескенбей, халқының қалауын соға білген сомжүрек қаламгер еді. Жұрты қалап кезінде Парламент төрінен орын берді. Ел тағдыры таразыға түскен қысталаң жылдарда Шерағаның айбары талайларды тәубесіне келтірді.

Баспасөздің бас сардары еліміздің ең ірі деген басылымдары мен телеарнасын басқарды. Талай талантты жастарды елге танытты. Қазақтың сөздік қорында «Шерағаңның шекпені» деген бұзылмас сөз тіркесі қалыптасты.

Шері жазушының шығармалары – бүгінгі буынның шамшырағы секілді. «Ай мен Айшаны» астастырып, «Қызыл жебені» қорамсақтан суырып, «Қара маржанды» қазынаға айналдырып, «Тамұқтан» жол тапқан жазушы «Бір кем дүниені» келер ұрпақ түгелдесе деген арман-мұратын аманаттап кеткендей.

Қарашаның 22-і күні қазақ археологиясы қара жамылды. Белгілі археолог, академик, тарихшы Карл Байпақов өмірден өтті. Саналы ғұмырының 55 жылын тынымсыз ғылымға арнап, қазақ тарихының қайта түлеуіне атсалысқан тұлға қазасынан төрт күн бұрын ғана 78 жасқа толған еді. Ол қазақ жерінде қала мәдениетінің қалыптасқанын алғаш дәлелдеген тарихшы. Әсіресе, Отырар, Сауран, Талғар, Жайық сынды тарихқа тұнып тұрған қала табандарында қазба жұмыстарын жасап, көптеген ғылыми жаңалық ашты.

Өз пікірін қаймықпай, сауатты айта білетін. Бәріне де үлгеруге асық. Қоғам қайраткері, саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов көпшіліктің жадында осындай жарқын бейнесімен есте қалды. Оның берері, айтары, жасары көп еді. Алайда, өлшеп берген ғұмыры 21 наурыз күні кенеттен үзілді. Дамыған, озық ойлы, пікірлер ашық айтылатын қоғамды жасауды аңсайтын Сырдың арда ұлы 58 жасына қараған шағында бақилық болды.

«Жар-жарды» білмейтін қазақ жоқ. «Желтоқсан желінің» зарына елітпеген қазақты тағы таппайсыз. Халықтық әндерге айналып кеткен туындылардың сөзін жазып, ғұмырын өлеңге, руханиятқа арнаған Әбдірахман Асылбек қазанның 19-ы күні 81 жасқа қараған шағында бақилыққа аттанды. Ол тым қарапайым өмір сүрді. Өнер өлкесінде де өзін қарапайым ұстады. Көркем мінезі өлеңдерінен де жібектей есіп тұратын. Балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ халқының руханиятына аянбай тер төккен абыз ақсақалдың жарқын бейнесі ел жадында ұзаққа сақталары сөзсіз.

19 шілде. Көзге жас толып, өксік кернеген күн. Бұл күні алтын маңдайлы аймаңдай ұлымыздан айырылып қалдық. Алматыда тапа-тал түсте, қаланың дәл орталығында бұзақылардың қолынан талантты спортшы Денис Тен құрбан болды. Халықтың махаббатына бөленген Денис небәрі 25 жаста қыршыннан қиылды. Әлем мойындаған талантты ұлы құйрықты жұлдыздай ағып түсті.

Жас спортшының жасындай жарқырайтын кезі әлі алда еді. Әлі талай додаларда Әнұранды шырқатып, көк байрағымызды желбіретер еді. Әлі талай бозбаланың мұз үстінде өнер көрсетуіне ынтасын ашар еді. Бірақ, не шара. Бұл артынан айтылар сөз ғана...

Денис тек Қазақстаның ғана ұлы емес, әлемнің жарқырап келе жатқан жарық жұлдызы еді. Өкінішке қарай, тым ерте үзілді. Елдің махаббатына бөленген ерекше жанды қимаған халықтың көкірегін әлі күнге дейін ыза оты кернейді. «Тағдырын пышаққа танып берген біздің қоғам шыныменен ұсақ па? Мұз үстінде ойнаған құлыншақ, расында сыймадың-ау құшаққа, қинадың-ау».

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу