Қазақ-өзбек қарым-қатынасының нығаюы арқасында енді Түркістан мен Ташкент қалалары арасына жолаушылар автобусы қатынайтын болды. Тарихи шаһардан көрші елдің астанасына қарай алғашқы рейс сапарға шықты. Халықаралық бағыт бойынша автобус күніне екі мезгіл жүреді. Оның бірін қазақстандық, екіншісін өзбекстандық жолаушы тасымалдау мекемесі жүзеге асырады. Жол жүру құны 2000 теңге. Олар шекара шебінен ешбір кедергісіз өтіп, жолаушыларды діттеген жеріне жеткізіп салды. Кеденде құжат рәсімдеуге шамамен 40 минут уақыт кетеді. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі елдің шекарасынан бүгінде 20 мың адам әрі-бері өтеді. Бұл тек бір тәуліктегісі ғана. Олар үшін автобуспен жүрудің тағы бір жеңіл тұсы жолға кететін уақыт үнемделмек.
Нұржау Қарабаев, тасымалдаушы мекеме басшысы:
- Халықтың жағдайы ғой. Ташкентке бару керек, емделетін кісілер бар. Таңертең барады, жұмысын бітіріп, кешке қайтады. Қазір бұл көлік Ташкенттегі орталық автобекетке барады. Қайтіп сол жерден шығып, Түркістанға келеді.
Мақсат Мырзабаев, облыстық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Түркістан қаласын рухани астанамыз дейміз, ары қарай туристік бағытта көп жұмыс істеу керек. Әрине, оған тікелей Түркістан мен Ташкенттің арасында пойыз жүруі мүмкін. Облыс әкімі сондай тапсырма берді. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.