Президенттің биылғы Жолдауында геология саласын дамытуға айрықша назар аударылды. Себебі, әлі күнге дейін жер қойнауына жөнді барлау жұмыстары жүргізілмей келеді.
Бастысы - сол қорларды арттыруды көздейтін барлық мүмкіндікті қолданып, оны одан әрі дамыту қажет. Мамандар еліміздің жер қойнауындағы пайдалы қазба байлықтың жалпы қоры бүгінгі өлшеулі қорлардан әлденеше есе мол екенін дәлелдеп отыр.
Сондықтан, геологиялық барлау саласын әлемдік нарыққа шығару үшін тиісті заңнамаға өзгертулер енгізіп, шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тарту ісі күн тәртібінде тұрған келелі іс.
Дәл қазір осы бағытта «Қазгеология» Ұлттық компаниясы тиянақты тірліктердің тінін тарқатуға кірісті. Олар Германия, Австралия, Оңтүстік Корея, және Канада секілді жетекші елдерден инвесторлар тартуды қолға алды.
Ғалым Нұржанов, «Қазгеология» Ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:
Таяуда екі жылдықтың ішінде инвесторларды тарту мәселесі бойынша шетелдік инвесторлар қазір 32 миллион доллар қаржы құймақ. Бұл ең бірінші кезеңдегі жұмыс. Одан кейін тағы да 3-4 жылдың ішінде 100 миллион долларға дейін инвестиция тартамыз деп ойлаймыз. Сол жұмыстың іске асатынына сенеміз. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдалану Заңына үлкен өзгерістер енгізіліп жатыр. Осы жылдың аяғына дейін жаңа Заң қабылданып жатса, Қазақстанда инвесторлық климат жақсарады деген үміттеміз.
Жалпы, Үкіметтің 2015–2019 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмысының бағдарламасы бойынша ел қазынасынан 120 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Жоба аясында Жезқазған, Зыряновск және Риддер сияқты шағын қалалардың маңында жер қойнауына геологиялық зерттеу жұмысы жанданбақ.
Алмат ӘБДІРАМАН