«Нұрлы жол» бағдарламасына енген ірі жоба кешегі өткен жалпыұлттық телекөпірде тапсырылды. Бір ерекшелігі, тасжол құрылысы тура үш жыл бұрын дәл осындай телекөпірде басталған еді. Жобаның өңір дамуына берері мол. Халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, транзиттік әлеуетті артырады.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Тасқала-Саратов тасжолының салынғанына жарты ғасырдан асты. Содан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеді. Халықтың ат-көлігін аздырып, жүйкесін тоздырған жол қатынасты қиындатты. Үш жыл бұрын жалпыұлттық телекөпірде Президент тасжолды қайта қалпына келтіруге пәрмен берді.
Халықаралық маңыздағы Тасқала-Саратов күре жолы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жөнделді. Оған Ұлттық қордан 21 млрд. теңге жұмсалды. Тасжолдың ені 9 метрге дейін кеңейіп, жүк көтергіштігі 13 тоннаға дейін ұлғайды.
Ұзындығы 100 шақырым күре жолдың аймақ дамуына үлесі зор. Отандық тауарды Ресей нарығына экспорттауға енді мүмкіндік мол. Еуропаға да жол ашылды. Магистральді қалпына келтіруге тұңғыш рет тың технология қолданылды. Геотекстиль төсемі жолдың төзімділігін арттырса, ал асфальт-бетонды қабат су өткізбейді, аязға да шыдамды.
Нұрғазы Сәтбаев, құрылыс компаниясының өкілі:
- Бірінші рет қиыршықты-мастикалық асфальт-бетон төседік. Бұл құбылмалы ауа райына төзімділікті арттырады. Жүк көліктерінің салмақ мөлшерін ұлғайтады. Мәселен, облыс жолдары тек 10 тоннаға дейінгі жүк салмағына шыдамды болса, мұнда тасымалдау осі 13 тонна. Ал, геотекстиль жолдың пайдалану мерзімін ұзартады.
Құрылыс басында 500-ден астам адам еңбек етті. Жобаға жергілікті құрылыс материалдары қолданылды.
Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
- Біз шекарада тұрған аймақпыз. Биылдың өзінде 1 млн. 200 мың автокөлік өткен. Ол - 4 млн. адам. Алдағы уақытта жол ашылған соң, одан екі есе көбейетін болады. Туристерді шақыруға, өзіміздің тұрғындардың тұрмыс сапасын күшейтуге үлкен қолдау.
Келешекте Қазақстан-Ресей шекаралық бекетінің көліктерді өткізуі 2 есеге артады деп болжанып отыр. Қайта жаңғырған жол «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіндегі транзиттің өсуіне үлес қосады.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.