Түркістанда «Ұлы дала» тарихы мұражайы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда «Ұлы дала» тарихы мұражайы ашылды

30.11.2018

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік халықаралық университетінде Елбасының «Ұлы Даланың 7 қыры» мақаласындағы құндылықтарды қамтыған мұражай жасақталды. «Ұлы Дала тарихы» деп аталатын мұражай үш бөлімнен тұрады. Алғашқысына  Түркістан оазисі төңірегендегі археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер қойылып отыр. Олардың ішінде балбал тастар, ежелгі дәуірдегі теңге, құрал-саймандар, диірмен секілді тұрмыстық заттар бар. Ал, екінші бөлім «Ұлы Дала тұлғалары» деп аталады. Мұнда Қазақ елінің ұлт болып ұйысып, мемлекет болып қалыптасуында көшбасшылық дара қасиетімен танылған тұлғалардың бейнелері ілінген. Ал, «Ұлы Дала тарихы суреттер тілімен» деген бөлімде қазақ халқының әлемдік өркениетке қосқан үлесі жайлы жан-жақты баяндалады. Майлы бояумен салынған 27 суретте Ботай мәдениеті, жылқыны қолға үйрету, аң аулау, Отырар кітапханасы, Алтын адамды жерлеу секілді оқиғалар бедерленген. Сондай-ақ, суретшілер Тайқазанды құю процесін көрсете отырып, қазақтардың металл өңдеу ісінде асқан шебер болғандығын көрсетеді.

Ләззат Динашева, оқытушы, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Әрбір суретіне, бөлшегіне көңіл бөлінді. Ол сол уақытқа тән болуы керек және ғылыми тұрғыдан дәлелденуі керек. Сырттан келгенде ешкім «мынау олай болмаған» деп айтпауы керек. Ең бастысы, Ұлы Дала халқына тән нәрселерді көрсету керек болды.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу