Алматыда логистикалық орталық пен фармацевтикалық зауыт салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда логистикалық орталық пен фармацевтикалық зауыт салынады

30.11.2018

Бұл «Алматы инвест-2018» халықаралық форумында қол қойылған сүбелі құжаттардың бір парасы. Биыл алтыншы рет өткізілген ауқымды шараға 20 мемлекеттен делегаттар жиналды. Бүгінде «Алатау» арнайы экономикалық аймағы Алматының басты драйверіне айналды. Мұнда бірлескен кәсіпорындардың есебінен жаңа жұмыс орындары ашылды. Табыс та еселенді. Ендігі жоспар - жоғары технологиясы дамыған компанияларды қолдап, олардың өнімін қолданысқа енгізу. Себебі, арнайы аймақта жеңілдіктер көп.

«Алматы инвест-2018» халықаралық форумының биылғы ерекшелігі, жиында талқыланатын тақырыптар инвесторлар мен кәсіпкерлердің ұсынысы бойынша бекітілген. Шетелдік ірі компаниялар мен халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері табысын еселейтін орта ретінде Алматыны жоғары бағалайды. Ал, қала әкімі Бауыржан Байбек мегаполис экономикасына салынатын қаражаттың артқандығын жеткізді.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Биылғы жылы инвестиция көлемі 25 процентке, соның ішінде шетелдік инвестициялар 24 процентке артты. Қазірдің өзінде мемлекеттік инвестициялардың әрбір теңгесіне 5 теңге жеке инвестиция келеді. Биылғы жылы ашылған «Токио Роуп Алматы» жапон металл өңдеу компаниясы Токио қор биржасының листингісінде А+ рейтингісін иеленді.

Бұрынғы форумдардың нәтижесінде құны 400 млн. АҚШ доллар болатын 12 жоба іске асқан. Оған қоса, қазір барлық салада смарт технологиялар енгізіліп жатыр. Алдағы жылдары Алматыда машина жасау, медицина, биотехнологиялар саласында кластерлік жүйені дамытуға ден қойылмақ. Сондықтан, Дүниежүзілік банк мамандары Орта Азиядағы мемлекеттердің ұлттық экономикасын жіті бақылап, өсімді еселеуге мүмкіндік беретін өңірлерді басты назарда ұстаймыз деп отыр.

Кассандра Колберт, Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша аймақтық жетекшісі:

- Дүниежүзілік банк Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Қостанай, Павлодар, Алматы облыстарын зерттеуге кірісті. Бұлардың ішінде Алматының әлеуеті жоғары. Өзге аймақтармен салыстырғанда, бизнес жүргізуге қолайлы орта. Кәсіпкерлер түрлі рұқсаттарды «бір терезе» қағидасы бойынша алады.

Алматы - еліміздегі басты донорлардың бірі. Салықтық түсімнің 4/1-і осы қаланың үлесінде. Енді инвестициялық форум аясындағы келіссөздерден соң қазынаға түсетін кіріс те еселенбек. Ал, алып шаһарда денсаулық сақтау саласындағы сервисті дамытуға қатысты жоспар дайын. Яғни, фармацевтикалық зауыттың құрылысы. Отандық кәсіпкерлер оны Оңтүстік Кореямен бірлесіп жүзеге асырмақшы.

Әсем ҚАБЫЛБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу