Қарағанды облысындағы кәсіпорындар жұмысшылардың жалақысын көтере бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысындағы кәсіпорындар жұмысшылардың жалақысын көтере бастады

01.11.2018

Өңірде алғаш болып «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бұл істі қолға алса, енді ірілі-ұсақты зауыт-фабрикалар жалғастыруда. Мәселен, жарықшам шығарумен айналысатын «Пролюкс ЛЕД» және «Ригер» фармацевтикалық-логистикалық кәсіпорындары қызметкерлерінің айлығын 10 пайызға көтерген.

Фармацевтикалық-логистикалық орталықта тауарды түгендеуші болып жұмыс істейтін Назгүл Ілиясованың табысы 100 мыңның үстінде. Жалпы, кәсіпорында орташа айлық 160 мың теңге көлемінде. Мұнда жұмыс үнемі қауырт. Сәйкесінше, жалақы да тұрақты. Әрі еңбеккерлерді әлеуметтік қолдау да жақсы.

Назгүл Ілиясова, кәсіпорын жұмыскері:

- Осы жерде жұмыс істеп жатқаныма 11 жыл болды. Өзіме ұнайды. Әлеуметтік пакеті жақсы. Ауырып қалсаң, 70 пайызын төлейді. Жалақыны уақытымен береді.

Бұл фармацевтикалық-логистикалық орталыққа әлемнің 150 елінен дәрі-дәрмек әкелінеді. Осы жерден елдің түкпір-түкпіріне жөнелтіледі. Кәсіпорын 2012 жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңғыртылып, бастан-аяқ заманауи жабдықталған. 53 адам жұмыс істейді. Жыл өткен сайын қызметкерлердің біліктілігі де артып келеді. Соған лайық сапалы жұмыс ақшалай ынталандырылуы тиіс. «Жолдауда айтылған жалақыны арттыру бастамасын бірден қолдадық», -дейді серіктестік директоры.

Мейрам Қабылов, фармацевтикалық-логистикалық орталықтың директоры:

- Жұмыскерлердің жалақысын жыл аяғына дейін 10 пайызға көтермекшіміз. Дәрінің бағасын өсірмейміз. Жалпы, өзіміздің ішкі резервтерге сүйене отырып көтереміз. Біріншіден, экономикалық жағдай түзелді, беті бері қарады. Екіншіден, халықтың әл-ауқатын көтеру өте маңызды жұмыс.

Жалақы өсіруді қолға алғандардың бірі «Пролюкс ЛЕД» кәсіпорны. Көше жарықшамдарын шығаратын зауыт ашылған тұста мемлекеттік қолдау көрсетілген. Соның арқасында нарыққа тез бейімделіп кетті. Өнімі ел көлемінде тарайды. Сапасына 5 жыл кепілдемесі бар. Салыстырма үшін айтсақ, ресейлік өнімдер 3 жыл, Қытай өнімдеріне 1 жылға ғана кепіл беріледі. «Сапа мен табыс үйлескен жерде жұмысшылардың да жағдайы жақсы болады», - дейді кәсіпорын басшылары.  Осылайша, еңбекақыны арттыруды өңірдегі барлық кәсіпорындар біртіндеп қолға алуда.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу