Сырда сынбайтын шыны шығарыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сырда сынбайтын шыны шығарыла бастады

27.11.2018

Сырда сынбайтын шыны шығарыла бастады. Қалыңдығы әртүрлі әйнектер қытай технологиясымен жасалады. Әбден өңделіп, шыңдалған шыны өндіріске кеңінен қолданылуда. Сұраныс бар, сондықтан  зауыт өндіріс көлемін екі есеге арттырмақ.  Өңірден-Ақерке Берікбекқызы.

Өндіріс орны бірнеше цехқа бөлінген. Оның әрқайсысында әртүрлі шыны дайындалады. Мында жәй әйнек тазартылып, тегістеледі, онан әрі өңдеуге жіберіледі. Ал, бұл-шыны табақшалардың шыдамдылығы мен беріктігін арттыратын қондырғы.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

 10-дық әйнек арнайы пештен шығып жатыр. Ол 680 градус ыстықта күйдірілді. Қазір сапасын көреміз. Міне, темірмен ұрдық, сынған жоқ. Енді жерге құлатып көрейік.

Сапалы әйнекке сұраныс жоғары. Өйткені, оның тағы бір артықшылығы - қауіпсіздігі, төтенше жағдай бола қалып, шыны сынса  ұнтақталып кетеді, адамды жарақаттамайды. Айналаға ешқандай  зиян келтірмейді. Дайындалу әдісі де қарапайым.  

Тимур Филлиповский, жұмысшы:

Әр шынының өзінің параметрлері бар. Мысалы, 4-тік шыны 180 секунд алады, 5-тік шыны 200-220, қаншалықты қалың шыны болса, ол одан сайын көтеріле береді. Біздің істеп жатқанымыз 10-дық шыны ғой, 400 секунд алады. Онан кейін пештің ішінде болады 300 секунд суытамыз, сонымен 700 секунд.

Қазір кәсіпорын шикізатты Ресейден, Қырғызстан мен Қытайдан алып отыр.  Сондықтан, әзірге тек сұранысты өтеп отыр. Егер  өңірдегі шыны зауыты іске қосылса, жұмыс еселенеді.

Бауыржан Асанов, цех басшысының орынбасары:

Қызылордадан жақын жерден алған  қолайлы, пайдалы да тиімді.  Ең бастысы, Қазақстанда жасалған өзіміздің тауарды пайдаланымз: зауыттың басшылары келіп көрді, олармен қазір келіссөздер жүргізілуде. Алдағы уақытта олардың шығарған ең алғашқы шыныларын бізде тексеріп көруге ұсыныс жасап отыр.

Сырдарияның сол жағалауында бой көтеріп жатқан жаңа қаланың құрылысына осы  берік шыны кеңінен пайдаланылып жатыр.  Соңғы уақытта әйнек  есік, шыны қабырға сәнге айналған. Сондықтан, сұраныс арта түсері анық.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу