Халықаралық жолға жөндеу қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық жолға жөндеу қажет

23.11.2018

Маңғыстау облысы арқылы өтетін халықаралық жолдың сапасы сын көтермейді. Түркіменстанмен шекарадан бастап Кендірлі демалыс орнына дейін қара жол. Одан әрі Жаңаөзен қаласына дейін асфальт жабындысының өзі шұрық-тесік. Салдарынан көлік біткен жол бойында жиі бұзылады.

Бұл-Жаңаөзеннен Кендірлі демалыс орнына апаратын, одан әрі Түрікменстан шекарасына дейінгі аралықты байланыстыратын жалғыз жол. Екі ел арасын жалғап тұрғанымен, трасса тәуелсіздік алғалы бірде-бір рет жөнделмеген.

Ал, Түркия мен Ираннан Түрікменстан арқылы транзиттік жүк таситындар көп. Шетелдік жеміс-жидек те Маңғыстауға осы жол арқылы жеткізіледі. Кендірліге барып демалатындар да аз емес. 

Азиз Эли, көлік жүргізуші /Түркия/:

Жолдың сапасы өте нашар. Шекарадан өткен соң, мүлде жол жоқ. 170 шақырымды бір жарым күн жүріп келемін.

Жұлдыз Өтебаева, көлік жүргізуші  /Түрікменстан/:

Мынау ойық-ойық. Күнде өте алмаймыз. Әлсін-әлсін машинаның дөңгелектерін ауыстырып тұрамыз. Сол үшін әкімдіктен өтінеміз, жолдарды тездетіп дұрыстап беруін.

Жаңаөзен тұрғыны Сейсенбай Сейітов те осы жолмен күнара жүруге мәжбүр. Қала сыртындағы  қожалығынан мал жайлап келе жатып талай рет жол апатының куәсі болған.

Сейсенбай Сейітов, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

Тіпті жүру мүмкін емес. Өткен жылы ремонт жасаған екі мекеме. 6 ай бойы екеуі қоса алған жоқ. Қазір бұрынғысынан да жаман. 15 шақырым жер Шапалақ пен Ботагөздің ортасы.

«Астрахань-Атырау-Ақтау-Түрікменстан» халықаралық дәлізінің тармағы саналатын жолдың біраз бөлігінде биыл жөндеу жұмыстары жүріп те жатыр.Тек Жаңаөзен мен Түрікменстан шекарасынаа дейінгі аралық мәселесі әзірге шешіле қоймаған.

Ербол Омаров, «Қазавтожол»ҰК» АҚ МОФ директоры:

Жөндеу жоспарда. Түрікменстан аумағында да жол жоқ. Қазір екі ел келіссөздер жүргізіп жатыр. Соның қорытындысымен жолдың қалай жөнделетіні белгілі болады.

Бір қызығы, «Қазавтожолдағылардың» айтуынша,  2010 жылы осы жолды жөндеу үшін жобалық сметалық құжат әзірленген. Ол үшін қомақты қаржы да қаралған. Бірақ, сол қалпы іске аспай қалған жоба бүгінде кәдеге жарамай тұр.  Өйткені, құрылыс материалдарының құны өзгерген.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ     

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу