«Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығы табысталды. Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жаңартылған «Кедергісіз келешек» жобасына қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік емес ұйымдарды белсене қатысуға шақырды. «Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету дегеніміз қайырымдылық емес, ол азаматтарымыздың конституциялық құқығы мен мүдделерінің заңды түрде қорғалуын қамтамасыз ету», - деді.
Арбаға танылғанымен, өмірге кұлшынысын жоғалтпаған, жігері жасымаған, өнерде өрісін кеңейтіп жүрген Алтыншаш Мұқатаева қызыл көйлегін киіп, қызғалдақтай құлпырып келді. Ол үшін қуанышты күн. Жеңімпаз атанды.
Алтыншаш Мұқатаева, «Жан шуақ» сыйлығының иегері:
Мен бұл жеңісті неше жыл армандадым. Бүгін өте толқып тұрмын.
«Жан шуақ» алғаш рет 2008 жылы тағайындалған еді. Осы уақыт аралығында 60-тан астам адам лауреат атанды. Қазақстан, Германия, Болгария, Польша, Ресей елдерінен түрлі салада жетістікке жетіп жүрген мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. Сондай-ақ, сыйлық ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал еткен тұлғаларға да беріледі. Бұл жолы 7 аталым бойынша марапат тағайындалды.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау «Нұр Отан» партиясының Елбасы анықтап берген мақсаттарының бірі деп айтуға негіз бар. Осы бағытта «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асырып келе жатырмыз. Биыл жобаны жаңғыртуды бастап кеттік.
Партия төрағасы бірінші орынбасарының айтуынша, жобаны жүзеге асыру барысында бес басымдық айқындалды. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандардың инклюзивті білім алуына жағдай жасау, жұмысқа орналасу, қоғамдық жерлерде кедергісіз орта қалыптастыру, шараларға қатысуына жол ашу, протез және басқа да құралдарды дайындау бағытында жоғары технологияларды енгізу. Құрғақ сан емес, нақты нәтиже керек. Қазіргі таңда елімізде 650 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олар үшін қаморлық әрдайым партия назарында.
«Мүгедек болсаң да, мүдірме», дейді Қанат Байбуров. Ол тағдырдың жазуымен жол апатына ұшырады, денсаулығы нашарлады, бірақ, жеңілмеді. Қазір әкімнің кеңесшісі, мәслихат депутаты.
Қанат Байбуров, Бурабай аудандық мәслихатының депутаты:
Қиыншылық арбада емес, бүкіл қиыншылық баста.
Абай айтпақшы, тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ. Қазақстан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта ретінде қалыптасып, барлық азаматқа тең жағдай жасалуы тиіс.
Ал, біздің кейіпкеріміз өнерлі Алтыншаш Мұқатаева ақпан айында Мәскеуде өтетін «Страна пой» атты халықаралық байқауда бағын сынағысы келеді, ұйымдастырушылар өтінімін қабылдапты. Бірақ, оған демеуші керек. Көрермендердің ішінде қолұшын беріп, көмектесемін дейтін жандар болса, бұл Алтыншаштың ұялы телефоны.
Индира БЕГАЙДАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.