Келесі айдың біріне дейін төмендетілген жаңа тарифтердің тізбегі жариялануы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келесі айдың біріне дейін төмендетілген жаңа тарифтердің тізбегі жариялануы тиіс

13.11.2018

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Энергетика және Ұлттық экономика министрлеріне осындай тапсырма жүктеді. Бұдан былай, тарифтерді белгілеу ашық түрде жүзеге асырылып, тарифке қатысты әрбір азаматтың ұсынысы ескерілмек. Ал, бағаны әдейі көтеріп, пайдаға кенелген монополистер заң алдында жауап береді. Бұдан бөлек, Бақытжан Сағынтаев шенеуніктерге халықты алаңдатып отырған өзекті мәселелерге баса мән беруді тапсырды. 

Мемлекет басшысы электр энергиясының құнын төмендетуге пәрмен бергелі Үкіметтің жұмысы қауырт. Бүгінгі отырыс тапсырманың тыңғылықты орындалып жатқанымен басталды. Қазір электр энергиясын өндірудің өзіндік құнын анықтау әдістемесі әзірленіп жатыр. Сәтін салса, 1 қаңтардан бастап тұтынушылар үшін тариф төмендетіледі. 

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясының құны қуат тарифі және электр энергиясына тариф ретінде бөлінетін болады. Министрлік екі компоненттің (қуат бағасы мен электр энергиясының бағасы) қосындысы бойынша электр станциялары үшін электр энергиясына бағаны төмендету бойынша шаралар қабылдайды. Электр энергиясына объективті шекті тарифтерді белгілеу энергия өндіруші ұйымдардың сату бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.

Тарифтер енді ашық түрде бекітіледі. Яғни, монополистердің бағаны бекітуге арналған өтініштері электронды форматпен ұсынылады. Ал, халық өз пікірін білдіруге құқық алады. Бұдан бөлек, тариф пен қызмет көрсету сапасына қатысты «жедел байланыс» желісі ашылмақ. Қазір еліміздің он шақты қаласында қоғамдық қабылдаулар жұмысын бастаған. Мақсат - халықпен кері байланыс орнату.

Тимур Сүйлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Өткізілген қоғамдық қабылдаулар қорытындылары бойынша 2018 жылғы 16 қарашаға дейін келіп түскен шағымдардың негізінде сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау және электр энергиясы мен газды беру, жабдықтау қызметтерін көрсететін базалық монополистер қызметіне жоспардан тыс тексерістер жүргізу ұйымдастырылатын болады.

Бүгінде елде 24 монополист тарифті төмендетті. Енді бағаның жөн-жосықсыз өсуіне жол жоқ. Мемлекет тарапынан монополистерге бақылау күшейеді. Қалта қамын ойлап, тарифтерді жасанды түрде көтерген пысықайлар қатаң жазаланбақ. Ал, заңсыз олжа халыққа қайтарылады. Осыған қатысты есеп жыл соңына дейін ел алдында жарияланбақ. Айтпақшы, монополистерді жүгенсіз жіберген Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғаринге Бақытжан Сағынтаев сөгіс берді.

Тарифтердің төмендетілуі тек жарық пен жылумен шектеліп қалмауы керек деген Үкімет басшысы халықтың күнделікті жиі тұтынатын тауарлардың бағасын да негізсіз өсіруге жол бермеуді қадап тапсырды. Яғни, су, көмір, интернет, дәрі-дәрмек, оқудың бағасы және ПИК қызметі құны бақылауда болуы тиіс. Алайда, тарифтер төмендетілгенімен сапа нашарламауы тиіс.

Ел халқының табысын арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұдан бөлек, осы отырыста 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстан экономикасы өсудің оң үрдісін сақтаған. ЖІӨ 4,1%, инфляция 5,3%-ға төмендеген. Ал, мемлекеттік бюджет кірістерінің өсу қарқыны 117,5%-ды құраған.  

 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу