Агрокешенді ғылымға негіздеу керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Агрокешенді ғылымға негіздеу керек

09.11.2018

Елбасы Жолдауында баса мән берілген сала - агроөнеркәсіп кешені. Онда алға қойылған міндеттердің қатарында салаға озық технологияларды тарту, озық тәжірибелерді енгізу сияқты тапсырма жүктелді. Ал әзірге елімізде ауыл шаруашылығы бойынша білім беру саласында шешілмеген мәселе көп. Бүгінде бұл салаға 23 ғылыми-зерттеу институты мен 3 университет маман даярлайды. Бірақ, бүгін Алматыдағы форумға қатысқан Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев бұл мамандардың сапасы сын көтермейтінін айтты. «Сондықтан, басымдықты тәжірибеге, коммерцияландыруға беріп, үш полигонда тестілеуді бастадық. Енді барлық өңірлерде полигон ашып, экстеншн білімді тарату базасын құрамыз», - деді министр. Ал, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов 2023 жылға қарай ағылшын тілін білетін оқытушылар саны 2,5 есе, жоғарғы оқу орындарының табысы 2 есе, ұстаздардың жалақы қоры 20%-ға артатынын жеткізді. Сондай-ақ, білім беру бағдарламасы 35%-ға азайып, қысқартылған ұстаздар экстеншн жүйесімен жергілікті шаруашылық орталықтарына жіберіледі. 

Өмірзақ Шөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Жалпы, өндірісті, оның ішінде аграрлық өнеркәсіпті дамыту үшін біріншіден білім-ғылым керек. Қазіргі заманғы технологияларды өндіріске қосудың жолын іздеуіміз керек. Оның ішінде бес жылдың ішінде аграөнеркәсіптегі еңбек өнімділігін 2,5 есеге көтеру керек. Оған бізде табиғи ресурстар бар. Халық өте еңбекқор. Бірақ, біз ғылымсыз, білімсіз мұндай жетістікке жете алмайтынымыз айдан анық болып отыр.

 

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу