Петропавлда аймақаралық форум өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда аймақаралық форум өтуде

09.11.2018

Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының 15-ші аймақаралық форумы өтіп жатыр. Алқалы жиынға екі елдің мемлекет басшылары қатысады. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шараның мәні де сол – көршілес екі елдің, әсіресе, шекара маңындағы өңірлердің өркендеуіне ерекше серпін беру.

Жалпы айтқанда, солтүстік өңір бұл жиынға бір жыл бойы дайындалған. «Шаһар бір жасарып қалды», - дейді мұндағылар. Жолдар жаңартылып, орталық көшелердегі қоқыс-қиқым тазартылып, қала жалтырап шыға келді. «Туризмді дамыту» деп аталған аймақаралық форумға 2 мыңға жуық делегат келген. Бұл күндері қаладағы қонақүйлер мен жалдамалы пәтерге деген сұраныс өте жоғары. Туризм саласы Қазақстанның да, Ресейдің де бюджетін толтырып отырған қаржы көзі емес. Тұмса табиғаты мен көрікті тарихи жерлері көп болса да, екі елдің бұл салада атқарар жұмысы көп. Кешелі бері өтіп жатқан көрмелер, туристерді тартуды, жаңа орындарды ашуды көздеп отыр. Осыдан бірер минут бұрын Петропавл қаласына Нұрсұлтан Назарбаевтың ұшағы келіп қонды. Елбасы бірнеше нысанды аралап, жергілікті активпен кездесуі жоспарланған. Ал, түстен кейін екі елдің президенттерінің қатысуымен форумның негізгі шарасы өтеді.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу