Қарағанды облысында төселгеніне жарты жыл ғана болған жолдың тоз-тозы шыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында төселгеніне жарты жыл ғана болған жолдың тоз-тозы шыққан

06.11.2018

Қарағанды облысындағы республикалық маңызға ие «Қалқаман-Баянауыл» тас жолы биыл жөнделгенімен, жарты жылға жетпей жолдың сиқы кетті. Құрылыс басталғанда жол азабын көрген жұрттың қуанышы қойнына сыймады. Бұрың-соңды грейдер болған жерге алғаш рет асфальт төселді. Алайда, Қарағанды облысының аумағына тиесілі 34 шақырымның жартысына жуығы сапасыз жасалған.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Бұл жолмен Павлодар облысының Жасыбай туристік аймағына баратындар көп жүреді. Мұнда асфальт мүлде болмаған. Биыл бірінші рет төселді. Алайда, сол асфальт жарты жылға жетпей ой-шұңқыры шығып қалды. Жамауға тура келген.

Екі облыстың арасын жалғайтын жолдың 34 шақырымы Қарағанды облысына тиесілі. Осы аралыққа биыл алғаш рет «ҚазАвтоЖол» мекемесінің тапсырысымен екі мердігерлік компания асфальт төседі. Алайда, соның 17 шақырымын тендерден ұтып алған компанияның жұмысы шала  болып шықты. Небәрі үш айда асфальттің тоз-тозы шықты.

Сәрсенбай Төлеубайұлы, жүргізуші:

- Жөндеген жолдарының сапасы нашар. Бұрынғы кейпіне келіп тұр. Ой-шұңқыры шыққан. Көктемде бұл жол жоқ болады.

Дәурен Бердалин, жүргізуші:

- Үш айдың жүзі өтпей тас жол тесіліп, жарыла бастады. Оны бітеп еді, бітеген жерлері үгіліп жатыр. Көктемде қар ерігенде не болады?!

Жөндеу жүргізген мердігер компания өкілдері сұхбат беруден бас тартты. Ал, құрылысқа тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» мекемесінің өкілдері сапасыз жол қайта жөнделеді деп отыр.

Асқар Сұлтанбеков, «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:

- Басында ауыр машиналар жүрді, ауа райының қолайсыздығы да болды. Ол жол екі жыл кепілдікте. Қайтадан жөнделеді деген ойдамыз. Мердігер өз қаржысына салады.

«Қалқаман-Баянауыл» бағытындағы күрежолға республикалық бюджеттен 926 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Шамамен әр шақырымға 25 миллион теңгеден жұмсалған. 17 шақырым жолды сапасыз жөндеп, қыруар қаржыны желге ұшырған мердігер компания енді шығынның орнын өзі толтырмақ.   

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу