Көкшетауда жөндеуден өткен жолдардың сапасы төмен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда жөндеуден өткен жолдардың сапасы төмен

19.04.2023

Көкшетауға көктем келісімен, жолдан көрік кетті. Асфальт біткен шұрық-тесікке айналып, жаяуды да, көліктіні де әбігерге салды. Тіпті, былтыр жөнделген жолды биыл қайта істеуге тура келіп отыр. Өйткені, әуелгіде мердігердің ісі шала болған, дейді тұрғындар. Ал жергілікті билік барлығына тендерді ұтып алған компания жауапты дегеннен аса алмай отыр.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Былтыр шаһардың жанында орналасқан Красный-Яр ауылындағы мына жолды жөндеуге 440 миллион теңге бөлінген. Алайда, арада жыл өтпей-ақ, асфальт біткен шұрық-тесікке айналып, шөгіп кеткен көрінеді. Қаланың шеткі көшелерін былай қойғанда, орталығында да дәл осы мәселе.

Былтыр облыс орталығында жиырма шақырым жол жөнделген. Алайда, тұрғындар істелінген жолдың өзі көңіл көншітпейді, дейді. Әсіресе, жүргізушілер қауымы тапқан-таянғанын көлік жөндеуге жұмсайды.

Ал жергілікті билік жыл өтпей-ақ тоз-тозы шыққан асфальтты жөндеу үшін бюджет қаржысы шығындалмайды, деп сендіріп отыр. Себебі, мердігерлер жолдың сапасына 2 жылға дейін кепілдік береді. Сондықтан да, барлық шығынды өздері көтеруі тиіс. Жалпы биыл облыс орталығында 40-қа жуық көше жөндеуден өтпек. Ол үшін бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылыпты.

Әділет Рақымжанов, қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Конкурс өткіздік. Қазіргі уақытта екі мердігермен келісімшартқа отырдық. Жұмыс жер кепкеннен кейін басталады. Осы жылы да тек қала орталығын ғана емес, шеткі көшелерді де жөндеуді жоспарлап отырмыз.

Алайда, тұрғындар бұл жердегі мәселе жолдың жөнделмеуінде емес, оның сапасыз істелуінде, деп отыр. Өйткені, асфальттың бірер жылда ойдым-ойдым болуы қалыпты жағдайға айналған. Онымен қоймай, коммуналдық қызмет мамандары да маусым сайын жолды бұзып, кәріз, жылу немесе су жүйесін жөндейді. Бірақ кейін оны қайтадан қалпына келтірмейтін көрінеді.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу