Ресей тарапы қазақтың құмай тазысын «Азиялық тазы» деген атаумен тіркетуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей тарапы қазақтың құмай тазысын «Азиялық тазы» деген атаумен тіркетуі мүмкін

05.11.2018

Қазақтың тазысына талас. Ресей тарапы жеті қазынамыздың бірін «Азиялық тазы» деген атаумен тіркетуі мүмкін. Мәселен, петерборлық ит асыраушы Владимир Футерман «тазы қазаққа ғана емес, түркімен мен өзбекке де ортақ», дейді. Дей тұра, тазыны, оған үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Ресейдің атынан тіркетпекші. Әзірге құмай тазы Халықаралық кинологиялық федерация тарапынан иттің жеке тұқымы ретінде мойындалған жоқ. Себебі, олардың жалпы саны 2 мыңға жетпейді. Алайда, Ресей жағы амалын тауып, оны тіркетіп алуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде тазы Мәскеудегі иттер көрмесінде көпшілікке «Азиялық тазы» деп таныстырылып жатыр.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

- Бұлар кәдімгі қазақтың құмай тазылары. Егер түрлеріне қарап, Лашын немесе Сұңқар деп ойласаңыз, қателесесіз. Бір кездері Қазақстаннан әкелінген бұл тазылар Санкт-Петербургке келгелі бері бірінің аты «Арман», екіншісінің аты «Әмірге» айналды.

Бұл тазылардың аты да, заты да басқа. Мұхтар Мағауин суреттеген лашындай кең далада еркін көсілетін қырандар емес, қоршауда, қамауда тұрған тазылар. Вологда қаласынан келген Елена Соловьева оларды тек әдемілік үшін ұстайды. Оның үстіне, бұл орысқа таңсық тұқым.

Елена Соловьева, ит асыраушы:

- Тазы - негізінен қазақтың тазысы деген атпен танымал. Вологда қаласында менен басқа ешкімде тазы жоқ. Сондықтан, осы тазыларды асырай бастағанда таныстарым, достарым бірінші рет көріп, таңқалды. Маған тазылардың керемет аңкөс бола тұра, байсалды мінезі ұнады. Келешекте осы иттің түрін насихаттап, елдің бәріне танытсам деймін.

Ал, петерборлық Владимир Футерман тазы асыраумен 15 жылдан бері айналысып келеді. Ол Мәскеудегі көрме кезінде Халықаралық кинология федерациясының мамандарына тазыларын көрсетіп, бұл тұқымды ресми тіркеу жөнінде келіссөз жүргізбекші болды. Алайда, кездесудің сәті түспеді. Бірақ, Владимир алған бетінен қайтар емес. Оның мақсаты – қыран тазыны, құмай тазыны «азиялық тазы» деген атаумен құжат жүзінде бекіту. 

Владимир Футерман, ит асыраушы:

- Кеңестік ғалымдар тазыларды арнайы зерттеп, олардың Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан жерінен шыққаны туралы жазған. Қазір осы мемлекеттердің әрқайсысы тазыны тұтас иемденгісі келіп отыр. Кезінде Қазақстанның кинологиялық қызметімен әңгімеміз жараспады. Себебі, олар «бұл тек қазақтың тазысы», деді. Алайда, тазы бір ғана мемлекеттің емес, тұтас Азияның ортақ мақтанышы болуы керек. Біз оларды «азиялық тазы» деген атпен тіркегіміз келеді. Бұл атаудағы азиялық деген сөз, тек оның қай өңірден шыққанын көрсетеді, ал, негізгі атауы тазы. Әзірге тазының саны аз, мүмкін біз тазы тұқымдас басқа иттердің бәрін біріктіріп, тіркеуден өткізетін шығармыз. 

Ресейдің кинологиялық федерациясы – әлемдегі беделді ұйымның бірі. Сол арқылы Владимир Футерман келешекте орайын тауып, тазыны Ресейдің атынан тіркетіп алса, таңқалмаңыз. «Тазыны ешкімге бермейміз, ол қазақтікі» деп құр сөзбен, қаннен-қаперсіз жатсақ, жеті қазынамыздың бірі бөтеннің жетегінде кетеді.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу