Атырау іргесіндегі орналасқан Қара депо ауылының тұрғындары қала орталығына жете алмай әлек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау іргесіндегі орналасқан Қара депо ауылының тұрғындары қала орталығына жете алмай әлек

30.10.2018

Атыраудағы Қара депо елді мекенінің тұрғындары қалаға қатынай алмай қиналып жүр. Қоғамдық көліктің жоқтығынан олар темір жолды кесіп өтуге мәжбүр. Әсіресе, мектепке қатынайтын балалар үшін темір жолды кесіп өту өте қауіпті. Жалпы, қала іргесіндегі ауылда жолдан басқа да күрмеуі шешілмеген мәселе аз емес.

Ауылда әлеуметтік нысан атымен жоқ. Сондықтан, тұрғындар амалсыз қалаға қатынайды. Жұртшылық діттеген жеріне жету үшін әуелі темір жолды кесіп өтеді. Өйтпеске шара жоқ.

Серік Жақашев, тұрғын:

- Әр жағында мектеп, балабақша бар. Ауылдың балалары сонда оқиды. Шойынжолдың бойымен өтеді. Өте қауіпті.

Меруерт Ербөлекова, тұрғын:

- Ауруханаға бара алмай отырмыз. Мұнда медпункт, не дәріхана жоқ. Балалар ойнайтын алаңқай жоқ. Тұрғындар ешқандай жағдай жасалмаған.

Көпшілік қалаға жету үшін вагон жөндеу мекемесінің ауласымен, 7 темір жол жолағын кесіп өтеді. Оқыс оқиғаның алдын алу үшін мекеме басшылығы жолды жабуға бекініп отыр.

Гүлсім Тәжикенова, вагон жөндеу мекемесінің қызметкері:

- Бұл жол жабылады деген. Қазір басшымыз өз міндетіне алып, әзірше адамдарды жіберіп отыр.

Жандос Темірғалиев, тілші:

Тұрғындарға арналған темір жол өткелі көрші ауылдың тұсында орналасқан. Ал, мына өткел мен Қара депоның ара қашықтығы 2 шақырымды құрайды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл жерде тас жол да қарастырылмаған. Тұрғындар ауа райының қолайсыз күндері екі аралықта қатынау мұң екенін айтады.

Қала мен ауыл арасына бір кездері қоғамдық көлік қатынады. Бірақ, бір жылдан бері қатынас тоқтады.   

Әділбек Таңқиев, «Смарт Атырау» КММ директоры:

- Сол бағыттың өзін-өзі ақтамауы себебінен ол мемлекетке кері тапсырылды. Тендерлік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы жылдың соңына дейін ашылады. 7 бағыт қосылады.

Ауыл ішіне тас жол салынғанымен, жаяу жүргіншілерге арналған жол жоқ. Көшеге жарық та тартылмаған. Осы секілді мәселелердің күрмеуін тарқату үшін әкімдік тарапынан арнайы жоспар құрылған. Оны келер жылдан бастап іске асырмақ.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу