«Алматы - Қапшағай», «Алматы - Қорғас» және «Астана-Теміртау» тас жолдары ақылы болмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алматы - Қапшағай», «Алматы - Қорғас» және «Астана-Теміртау» тас жолдары ақылы болмақ

29.10.2018

Келесі жылдан бастап «Алматы - Қапшағай», «Алматы - Қорғас» және «Астана-Теміртау» тас жолдары ақылы болмақ. Яғни, жүріп өткен әр шақырымға ақша төлейсіз. Әзірге нақты тариф бекітілген жоқ. «Бірақ, жолды пайдаланудың құны айтарлықтай қымбат болмайды», - дейді мамандар. Ал, одан түскен ақша осы жолдарды күтіп ұстауға әрі жөндеу жұмыстарына жұмсалады. Бұл - ел бюджетінен бөлінетін қаржыны үнемдеудің тиімді тәсілі.

Бұл Алматыдан Қапшағайға барар жолдағы ақы төлеу терминалдары. Аталған нысан қазір сынақтық режимде жұмыс істеуді бастаған. Ақша төлеу пункті гибридті жүйемен салынған. Яғни, кептеліс болмас үшін қаладан шығар тұстағы 4 қақпа үнемі ашық тұрады. Тек қалаға кірер жаққа шлагбаумдар орнатылған. Мұнда 8 жолақ бар.

Ербол Маратұлы, құрылыс нысанының басшысы:

- Ақылы жолға кірген кезде камера арқылы тіркеледі. Сосын 12 жолақтың екеуі арнайы жүк таситын көлікке арналған. Қалғаны жеңіл автокөлікке арналған.

Ақылы жолды пайдалану үшін төлемақыны бақылау аркалары есептейді. Әзірге Алматыдан Қапшағайға дейін екі бақылау аймағы бар. Болашақта Талдықорғанға дейін салынбақ. Жүргізушілерге ыңғайлы болуы үшін жол ақысын түрлі тәсілмен өтеу қарастырылған.

Мәулен Алипов, «Қазавтожол» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Айтып өтетін жағдай, ақылы жолдың бойында тұратын ауылдардағы жергілікті көлік жүргізушілерге жылдық абонемент төлеуге болады. Содан кейін мекемелерге, ұйымдарға арналған келісімшарттар жасалады. Келісімшарт арқылы төлесе болады.

Ақылы автомобиль жолы – автомагистраль, көпір және туннельдердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарын қаржыландырудың тиімді тәсілі. Осы арқылы ел қазынасынан жолды күтіп ұстауға бөлінетін шығын азаяды. Сол себепті, 2020 жылға дейін қайта жөндеуден өтетін ұзындығы 7  мың шақырымға жуық жолды ақылы ету жоспарланып отыр.

 

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу