Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы сегізінші қалалық азаматтық форумда Қоғамдық даму министрі айтты. Дархан Кәлетаевтың айтуынша, көп кешікпей барлық өңірлер бойынша әлеуметтік жобалардың карталары жасалады. Оның барлығы азаматтық қоғамның белсенді араласуымен жүзеге аспақ. Жиында тағы қандай мәселелер көтерілді?
Сәуле Балмағанбетқызы «Белсенді қариялар» жобасының белді мүшесі. Зейнеткер жобаның арқасында бос уақытын тиімді өткізеді. Қоғам өміріне белсенді араласып, спортпен айналысады. Қарттар үшін барлығы тегін деген Сәуле апай өзге замандастарын үгіттеу үшін бүгінгі форумға арнайы келіпті.
Сәуле Балмағанбетқызы, зейнеткер:
- Ардагер қоғамында болу өте пайдалы. Өйткені, үйде отырып қараңғы болып қалмайды. Бүкіл қоғамдық істерге қатысып, осындай іс-шараларға келеді. Әрқашанда қарияларға осындай деңгейде көңіл болатын болса, мыңда бір рақмет.
Жалпы, Астанада түрлі бағыттағы әлеуметтік жобалармен айналысатын үш мыңға жуық үкіметтік емес ұйым бар. Олар бүгін салаға жауапты бірінші басшылармен кездесіп, еркін пікір алмасты. Сұрақтарын қойып, іске кедергі келтіретін факторларды атады. Жауапты министрліктің басшысы мен қала әкімі мәселені бірігіп шешуге уәде етті. Ал, азаматтық қоғамның рөлін арттыру және олардың билікпен бірігуі – Жолдаудағы басым бағыттың бірі.
Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:
- Қоғамдық сектор үкіметті, билікті жай ғана сынап қана қоймай, серіктес әрі әріптес ретінде барлық жақсы бастамаларды іске асырып, нақты нәтижеге жеткізетін заманауи жақсы бір инструмент болып келе жатыр.
Форум аясында үздік әлеуметтік жобалары үшін қаланың 10 үкіметтік емес ұйымы марапатталды. Оларға әкімнің Алғыс хаты табысталып, өзгелерге үлгі етілді. Айта өтейік, қазір мұндай ашық диалог алаңдары барлық өңірлерде ұйымдастырылуда. Озық әлеуметтік идеялар мен құнды ой-пікірлер осы жылдың 27-сі мен 28-інші қарашасында өтетін республикалық азаматтық форумда талқыланады. Оның жұмысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы күтілуде.
Досымжан ЕРМҰРАТ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.