Отбасы құндылықтарын насихаттау - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осыған орай, жыл сайын Астана қаласының әкімдігі «Үздік жас отбасы» байқауын өткізеді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, аталмыш сайысқа деген қызығушылық жыл сайын артып келеді.
Қодыбаевтар отбасы байқауға жан-жақты дайындалып келген. Арнайы киім тіктіріп, міне, ортаға салатын өнерлерін де пысықтап жатыр. Отағасы әскери адам болғасын, байқаудың шарттарын түгел әрі тиянақты орындап, бүгінде Астанадағы үздік он отбасының қатарына еніп отыр.
Айдос Қодыбаев, байқауға қатысушы:
- Мұндай конкурсқа 1 жыл бұрын да қатысып көргенбіз. Содан 1-орын алғанбыз. Биыл да инстаграм желісінен көрдік. Неге бағымызды сынап көрмеске деп, келіп отырмыз. Бағымызға қарай өттік.
«Үздік жас отбасы» байқауы Астана қаласында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар кешені аясында өткізіліп келеді. Биылғы шараға қатысамын деп ниет білдіріп, өтініш жазғандар былтырғымен салыстырғанда 2 есе көп. Оның алғашқы кезеңіне 100 өтінім келіп түскен. Ал, финалдық кезеңге 10 отбасы шықты. Бірақ, оның бәрі жеңімпаз. Өйткені, олар осындай конкурсқа қатысып-ақ, өзгеге үлгі болып отыр. Олар бұл шараны отбасы мүшелерінің басын біріктіретін, татулыққа баулитын игі шара деп біледі.
Бақытжан Жүнісбеков, Астана қаласы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы:
- Бұл отбасы конкурсы өзіндік жылулық сыйлайтын орта қалыптастыра білді. Өйткені, бұл бір конкурспен шектелмейді. Үлгілі деп танылған, үздік деп танылған отбасы жастармен кездесу арқылы өздерінің жетістіктерімен бөлісетін болады.
Байқаудың жүлде қоры 800 мың теңге. Басты талап - отбасылық өнерді ортаға салып, интеллектуалдық, шығармашылық қырларын көрсету. Ал, өтінімдерді әлеуметтік желі арқылы жіберуге болады. Өйткені, мұндай байқау жыл сайын өткізіліп, дәстүрге айналған.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.