Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында жас мамандарға қолдау көрсетілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында жас мамандарға қолдау көрсетілуде

15.10.2018

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында қажет дәрігер мамандарды ауылға тарту үшін әлеуметтік жағдайды жақсарту қолға алынып отыр. Қазір ауданда оқуын енді бітірген жастарға ары қарай білімін шыңдауға қолдау көрсетіліп, қызметтік баспана да беріліп жатыр. Алайда, мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Аудандық ауруханада қазір эндокринолог, акушер-гинеколог мамандар жетіспейді. Ал, кейбір елді мекендерде мүлде дәрігер жоқ.

Жаңаарқа аудандық ауруханасында нарколог-психиатр қызметінде жүргеніне бір жылдан енді ғана асқан Олжас Нұрбаев биыл баспаналы болды. Бұрын-соңды бос жатқан аурухана меншігіндегі ескі ғимарат демеушілік қаражатымен «дәрігерлер үйі» ретінде қайта жөнделіп, осындағы 5 пәтер жас мамандарға берілді. Арнайы бөлінген қаражатқа 2 жыл резидентурада оқыды.

Олжас Нұрбаев, нарколог-психиатр:

- Мені екі жыл наркология-психиатрия мамандығы бойынша резидентурада оқытты. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша үймен қамтамасыз етті. Екі бөлмелі үй берілді. Барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта келіншегім де келеді жұмысқа. Ол да дәрігер.

Жастарға осылайша үздіксіз әлеуметтік жағдай жасалса, маман тапшылығы болмас па еді. Жаңаарқадағы аудандық ауруханасына тек биыл ғана 4 маман жұмысқа алынды. Алайда, көп жылдар бойы әлеуметтік пакеттің осал болуынан жастар келмей, кадр тапшылығы әбден титықтатып жіберген еді Мейлінше жағдай жасалып жатқанымен, ең қажетті дәрігерлер мұнда әлі де жоқ.

Серік Құлмағанбетов, Жаңаарқа аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Тапшы, қажет болып отырғаны  бұл эндокринолог маман және акушер-гинеколог. Егер тәжірибемен немесе резидентурамен келемін деуші мамандар болса, жұмыс істегісі келсе, қабылдаймыз. Тіпті, оларды ары қарай  оқытуға дайынбыз.

Ал, ауданға қарасты Манадыр, Атасу, Жомарт елді мекендерінде дәрігер мүлдем жоқ. Әзірге мұндағы жұрт жақын маңдағы ауылдарға қатынайды. Жалпы, Жаңаарқа ауданында медицина саласында 322 адам еңбек етсе, соның тек 44-і ғана жоғары білімді дәрігер. Көбінің жасы келіп қалған. Демек, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, жас мамандарды ауылға тарту жұмысын ширата түсу керектігі даусыз.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу