25 жыл бұрын Ақан серінің 150 жылдығына орай құрылған ауыл жойылып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

25 жыл бұрын Ақан серінің 150 жылдығына орай құрылған ауыл жойылып барады

15.10.2018

Қаңыраған ауыл, қираған ғимараттар. Ақан серінің 150 жылдығында бой көтеріп, солтүстіктің мақтанышына айналған елді мекеннің қазіргі сиқы осы. 

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

-1993 жылы бар сән-салтанатымен ашылған мектептің қазіргі сиқы осы. Былайша айтқанда, ауылдағы мал қораға айналған. Жалпы, бұл нысанның аумағы 2 мың шаршы метр. Ғимаратқа жапсарластырып салынған дүкен, пошта, балабақша мен мәдениет үйінің де кейпі осындай. Ал, мына ғимараттың есік пен әйнектерін тұрғындар жұлып алып, өз қажеттіліктеріне жаратқан.

Есләмбек Кеңесбаевтың Ақан сері ауылында тұрып жатқанына 25 жыл. Туған жерін қимай отырған қарттың бірі. Кезінде аты да, заты да дүрілдеп тұрған бөлімшенің бүгінде базары тарқап, құрып бара жатқанына қынжылады.

Есләмбек Кеңесбаев, ауыл тұрғыны:  

- Сол кезде осы үйлерді қозғамау туралы заң болса ғой. Мен көшіп кеттім, саттым. Солай ауылдың берекесін алдық. Ал, енді бұл жерде кімді кінәләйсің, ешкімді кінәлай алмайсың. 

Осыдан 25 жыл бұрын серінің 150 жылдығы мерейтойына арнап құрылған Айыртау ауданындағы ауылдың қазіргі күйі осы. Ірі кәсіпорындардың қаз-қатар салып берген үйлерінен бар-жоғы 18 үй тұр. Әлеуметтік нысандардың тек қирандысы қалған. Тұрғындардың дені жасы келіп, елді қимай отырған кемпір-шал ғана.  Жергілікті билік бос тұрған үйлерге түстіктен қоныс аударушыларды кіргізбек болғанымен, иелері бағасын шарықтатып жіберген.

Ауылдың орналасқан жері, табиғаты тамаша, шаруашылыққа қолайлы. Күре жолдан 3-ақ шақырым жерде. Бірақ, өкінішке қарай,бір кездері  аты жер жарған елді мекеннің ендігі қалған жалғыз мақтанышы, серінің мына ескерткіші ғана. 

Сағындық СӘБИТҰЛЫ                          

Хабарламаларға жазылу