Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тайқазанның көшірмесі енді Татарстан астанасында да бар. Шығыс Қазақстан облысы бұл жәдігерді Қазан қаласына ескерткіш түрінде тарту етті. Оның ашылу рәсіміне өңір басшысы Даниал Ахметов пен Татарстан президенті Рустам Минниханов қатысты. Татарстанға жасаған жұмыс сапары кезінде Шығыс Қазақстан облысының делегациясы бірқатар нысандарды аралап, өзара ынтымақтастықты арттыру үшін келіссөздер өткізді.
Қазанның қақ ортасына қазақтың тайқазаны қойылды. Биіктігі 2 метрлік тас тұғырға қондырылған бұл ескерткіш таза қоладан құйылған. Ол Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тұрған тарихи тайқазанның дәл көшірмесі. Шығыс Қазақстанның бұл тартуы Татарстан астанасындағы Назарбаев көшесінің бойындағы саябаққа орнатылды.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
-Тайқазанды осы тамаша қалаға сыйладық. Біздің тайқазан достықтың, бірліктің символы. Екінші мәселе, Елбасы тапсырмасы бойынша осы жерде қандай жаңа инновациялар бар екенін көріп жатырмыз. Цифрландыру және робототехника саласы жақсы іске асып жатыр. Сол себепті, бұл жұмысты алдағы уақытта жалғастырамыз.
Шығыстан келген делегация Татарстан президентімен кездесіп, кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді. Ресми дерек бойынша, Қазақстан мен Татарстанның арасындағы жылдық сауда-саттықтың көлемі 1 миллиард долларға пара-пар. Енді осы санды еселеп, өзара тауар айналымдағы өңірлердің үлесін арттыру үшін тараптар арнайы жол картасын әзірлейтін болды.
Рустам Минниханов, Татарстан Республикасының президенті:
-Татарстан мен Шығыс Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың өзара тауар алмасуы, келешегі зор әріптестік деп ойлаймын. Біз сіздерге ауыл шаруашылығы техникасын және азық-түлік өнімдерін сатуды ойлап отырмыз. Оның үстіне, Шығыс Қазақстан арқылы Қытай нарығына шығуға болады. Енді алдағы мамыр айында Өскеменге арнайы сапарлап барып, ол жақтан қандай тауарлар сатып алуға болатынын көреміз.
Қазақ делегациясы Қазан шаһарында бірқатар нысандарды да аралады. Мәселен, агроөнеркәсіп паркінде өз өнімдерін халыққа тікелей сатататын фермерлер алаңына көрсе, IT-паркте түрлі салаға арналған стартап жобалармен және робототехникамен танысты.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.