Басты Жаңалықтар Ақтөбелік мектеп түлегі 9 жылға сотталды

Ақтөбелік мектеп түлегі 9 жылға сотталды

Ақтөбелік «Алтын белгі» иегері 17 жастағы Бекназ Кеңшілік адам өлтіргені үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды.Ол өз қылмысын мойындаған. Судья оның қылмысты жоспарлы түрде жасағанын, сол сәтте психикасында ешқандай ауытқушылық болмағанын айтты. Сондай-ақ, оқиға орнынан қашып кеткені де ескерілген.

Бұған дейін жапа шегуші жақ  материалдық шығын ретінде 3 миллион, моральдық шығын үшін 10 миллион теңге сұраған. Алайда, сот үкімімен барлығы 5 миллион 600 мың теңге өндірілетін болды. Айыпталушы тарап сот үкімімен келіспейтінін, аппелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.

Естеріңізде болса, биыл маусым айының 17-сі күні Ақтөбедегі 19-шы мектеп түлегінің пышақ  жарақатынан ауруханада көз жұмды. Екі бозбала арасындағы ерегіс мектеп бітіру кешінен басталған. Екеуі  бірнеше күннен кейін тағы жеке сөйлеспек болған. Алайда келісімге келмей,жұдырықтаса кеткен. Ал айыпталушы төбелес кезінде бірнеше рет қарсыласына пышақ сілтеген.

Алтынбек Сабыров, судья:

«Бекназ Кеңшілік Нұрбекұлы ҚР ҚК 99 бабы, 2-інші бөлігінің 9-14-інші тармақтарымен кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Кеңшіліктің  жазасын кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленсін».

 

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу