Халық жазушысы Шерхан Мұртаза Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халық жазушысы Шерхан Мұртаза Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді

11.10.2018

Бүгін Алаш жұрты «Ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы», Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаны ақтық сапарына шығарып салды. Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында өткен қаралы жиынға қаламгердің туған-туыстары, бірге қызмет еткен достары, Шерағаңның шекпенінен шыққан шәкірттері, қала халқы жиналды. 

Қаралы жиынға келген ағайынға Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оқып берді. Одан кейін кезекпен сөз алған зиялы қауым өкілдері Шерағаңның ел үшін атқарған істерін еске алып, тағылымды естеліктер айтты.

Нұрлан Оразалин, ақын:

 - Шерхан Мұртазадан қалың қазақ адал, әділ, отты, жалынды және шын сөзді күтетін еді. Шындықты шыңғыртып айтқан, көшімізді бастаған тұлғаларымыздың бірі осы Шерхан Мұртаза болатын.

Шерхан Мұртаза қолына байрақ етіп алған қаламын ар өлшемімен тартты. Оның әрбір публицистикалық мақаласы көпшілікке ой салды. Өйткені, ол көтерген кез келген тақырыптың астарында ұлт үшін маңызды дүние тұратын. 

 Уәлихан Қалижан, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры:  

- Шерхан Мұртаза өткен ғасырдағы, Тәуелсіздік алған осы ғасырдағы қазақ журналистикасының шыңына көтерілген ірі саяси тұлға. Ірі қаламгер, жазушы. Журналистиканың ең ауыр сәттерін басынан өткерген. Қандай кезеңде болсын, саяси идеологиялық қысым болған күндердің өзінде де Шерағаң өзінің айтар сөзін айтып жүрген журналистердің бірі.

Қабырғалы қаламгердің артында ұлт намысын қайрайтын шығармалары қалды. «Табылған теңіз», «Ай мен Айша», «Қызыл жебе» туындылары қалың оқырманды тарихтан сабақ алуға үндеп, болашаққа бағдар жасауға ықпал етеді. 

Өмірбек Байгелді, Мемлекет және қоғам қайраткері:

Бүкіл халқымыз қайғырып жатыр. Шынын айтқанда, аз өмір сүрді, ерте кетті  деп қайғырып жатқан жоқ. Бұл кісі жақсы жасады. «Халықтың бір сүйеніші, бір ақылгөйі кетіп қалды деп, халық соған өкініп жатыр.

1992 жылы 18 қыркүйекте Шерхан Мұртаза «Қазақстан» телеарнасына басшылыққа келіп, бірден бірқатар бағдарламаларды өзгертті. Бір сарында ақпарат беретін хабарды «Шарайна» бағдарламасы деп атады. Мұның аты ғана өзгерген жоқ, ақпарат беру тәсілі де ауысты. Ондағы әрбір хабар публицистикалық ақпаратқа айналды. Яғни, қоғамдағы түйткілдердің шешілу жолдары нақты көрініс тауып, «Шарайна» әлеуметтің әлеуетін түзеуге көсемдік етті.

Ерлан Қожагелдиев, Қазақ телевизиясы және радиосының ардагері:

Шерағаң келгенде «Қазақстан» телеарнасы дүр сілкінді. Қызыл империяның ықпалынан шыға алмай,  жалтақтап жүрген жандадың рухы көтерілді. Әсіресе, біз сияқты айтарын айта алмай , жазарын жаза алмай жүрген жастардың тынысын ашты.

Иманбай Жұбай, тележурналист:

Ол кезде жалғыз ғана телевидение болатын. Сондықтан, таңғы бағдарлама болмайтын. Соны ойлаған болуы керек, таңертеңгі 7ен 9-ға дейінгі бағдарлама ашу туралы бұйрық берді. Міне, қазір сол «Таңшолпан» бағдарламасы 26 жыл бойы эфирде келе жатыр. Бұл да сол Шерағаңның еңбегі деп айтуға болады.

«Рухы мен намысы сөнген ел - өлген ел», деп үнемі ұлттың «ұйықтап кетпеуін» еске салып отыратын Шераға Алматыдағы Кеңсай зиратына өзі үлгі тұтатын батыр ағасы Бауыржан Момышұлының жанына жерленді.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу