Павлодарда цифрландыру жүйесі бірқатар нысандарда енгізіле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда цифрландыру жүйесі бірқатар нысандарда енгізіле бастады

09.10.2018

Павлодар қаласының билігі коммуналдық салаға өзгеріс енгізуге тың серпін берген Жолдау міндеттерін орындауға кірісті. Бүгінде Ертіс өңірінің орталығында «Ақылды қала» жобасы тұрғын үй секторын қамтып, цифрландыру жүйесі бірқатар нысандарда енгізіле бастады. Нақтырақ айтсақ, келер жылдан бастап онлайн түрде есептелетін жаңа коммуналдық төлем түрлері пайда болады.

Халықтың табысы мен тұрмысын жақсартуға негізделген стратегиялық құжатты облыс активі талқылады. Қала әкімі Әнуар Күмпекеев Жолдауға сәйкес құрылған тұрғын үй-коммуналдық сала бағытындағы тың жоспарлармен бөлісті. Солардың бірі - «Бір үй, бір ұйым, бір есеп» қағидасы бойынша көппәтерлі үйлерді басқарудың жаңа моделі. Алдағы жылдан бастап «Сарыарқа» ықшам ауданының тұрғындары үшін электронды дауыс беру мүмкіндігі пайда болмақ. Бұл өз кезегінде ПИК-тер қызметінің ашықтығын қамтамасыз етпек. 

Әнуар Күмпекеев, Павлодар қаласының әкімі:

– Бізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жұмысы ашық болады. Аталмыш саладағы заңнамаға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес, көп пәтерлі үйлерді басқарудың жаңа моделі қолданысқа енеді. Бұдан былай әр пәтер иесі өз мүлігіне тікелей жеке жауапкершілік жүктеп, «Ақылды қала» технологиясын қолдану  арқылы тұрғын үйді басқару шараларына қатыса алады. 

Рымбек ҚАБИДЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу