Орал қаласындағы мектептердің бірінде 15 оқушы мен бір мұғалім белгісіз химиялық заттан уланып қалды. Жағымсыз иіс шыққан бойда 300 бала дереу сыртқа шығарылды. Әзірге оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Оқиға түске дейін, сағат 11-дегі үлкен үзіліс кезінде болған. Мектептің 3-ші қабатынан өткір иіс сезіліп, оқушылар мен мұғалімдер түгел сыртқа шығарылады. 300 бала эвакуацияланды. Оқиға орнына жедел жәрдем мен төтенше жағдай қызметкерлері жетті.
Бастапқыда 3 бала дәрігер көмегіне жүгінді. Кейін тағы 12 оқушының халі нашарлап, облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір 15 баланың тең жартысы үйлеріне жіберілді. Ал, мұғалім ауруханада, дәрігерлердің бақылауында.
Айнагүл Сақпосынова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- 15 баланың барлығына белгісіз химиялық затпен жеңіл түрде уланды деген диагноз қойылды. Оларды дәрігерлер бірнеше сағат бойы бақылап қарады. Олардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Сонымен қатар, 1991 жылғы ұстаз қалалық ауруханаға жатқызылды.
Қазір балалар мен мұғалімнің неден уланғаны анықталып жатыр. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеуде. Мектептің үшінші қабаты жабық тұр.
Мақсот Ғалиев, №40 мектеп директоры:
- Дәл орнын анықтап айту қиын. Иіс 3-ші қабаттан шықты. Кабинеттен емес, дәлізде болғандай әсер қалдырды. Газ баллончик сияқты артық заттар табылған жоқ.
Оқыс оқиғаны Ішкі істер департаменті де растады. Өкінішке қарай, мұндай келеңсіз жайттар кейінгі кедері мектептерде жиі қайталанып отыр.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.