Күршім ауданының халқы қалаға қатынай алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күршім ауданының халқы қалаға қатынай алмай отыр

02.10.2018

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы халқының жол машақатын тартып, жаңа көпір құрылысын күтіп жүргеніне 20 жыл болған. Нысан жобасы дайын болғанымен, қашан салынатыны белгісіз. Әзірге жергілікті халық облыс орталығына жазда пароммен, қыста жанын шүберекке түйіп, мұз үстімен қатынауға мәжбүр.

Күршім мен Зайсан тұрғындары облыс орталығына негізінен осы Бұқтырма арқылы қатынайды. Ауданнан шығып, орта жолда қалғандардың бірі - Әтия Қайсанова. Бұқтырманың жағалауына күн жарықта жетсе де, көліктері паромға сыймаған. Сөйткенше, кеш батып кетті.

Әтия Қайсанова, тұрғын:

- Қашан көрсең, осылай қамалып қаламыз. Жас бала бар анау жерде, 9 айлық, ол жылап отыр. Өте алмай қалдық. Үшінші паромнан қалып қалдық.

Қалқымалы өткел таң атқаннан түнге дейін жұмыс істейді. Негізінен, көліктерді жағаға екі арнайы кеме тасымалдайды. Екеуі де ескі, сондықтан жиі сынады. Қатты жел тұрса, паромдар мүлдем жүре алмай қалады. Ондайда жағалаудағы жұртқа күтуден басқа амал жоқ.

Бірер жыл бұрын паромдар жөндеуге жіберіліп, орнына шағын баржа жүрген. Онда жүргізушілер қырық пышақ болып қырқысып қалатын. Қазір үлкен паромға да сыймай жатады. Күз бен көктемде күршімдіктер көк мұзбен жүріп, өмірлерін қатерге тігеді.

Ерлан Шабанбаев, Теректі ауылының тұрғыны:

- Мұз үстімен өтеміз, ол да қиын. Көктемде қауіпті, көліктер суға кетіп жатыр, адамдар өліп жатыр. Оны ешкім ойламайды. Үкімет неге қарамайды, мен түсінбеймін осыны.

Мұндай пароммен бір жағадан екінші жағаға өтудің құны әртүрлі және темір тұлпардың түріне, оның қозғалтқышының көлеміне байланысты. Мысалы, кішкентай көлікке, кемінде 1300 теңге төлеу қажет. Ал, осындай үлкен жүк көлігіне 30-40 мың теңге төлейді.

Бүгінде көпірдің жобалық сметалық-құжаттары дайын. Ол үшін облыстық бюджеттен 260 миллион теңге бөлінген. Бірақ, шетелдік инвесторлар алып құрылысқа ақшаларын салуға асығар емес.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

- Валюталық тәуекелдікті сақтандыру деген маңызды сұрақ бар және ол Үкімет деңгейінде шешіледі деп ойлаймын. Қазір біз бірнеше инвестор компаниямен сөйлесіп жатырмыз. Барлығы көпір құрылысында жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр.

Жалпы ұзындығы 1,5 шақырымға жуықтайтын көпір құрылысына 30 миллиард теңгеден астам қаражат керек. Бірақ, инвестициялық қаржыға кепіл беретін Үкімет мәселені нақты қашан шешері әзірге белгісіз.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу