Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты арттыруға мүмкіндік мол. Бұл ретте Маңғыстау облысы мен Хорезм уәлаятының да ортақ мақсаттары бар. Тараптар жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік, машина жасау және тұрмыстық химия салаларында серіктестікті дамыта алады. Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында маңғыстаулық делегация Хорезмге ресми сапармен барды.
Алқаптағы дақылды өзбек ағайындар ақ алтынға балайды. Онысы бекер де емес. Диқандардың күзде жиып берген өнімі өз жерінде өңделеді. Түрлі қалыңдықта ширатылып, қажет түске боялады. Мақта матаға айналып, киім-кешек те тігіледі. Дайын тауарды өзіне ғана емес, өзгеге де ұсынып отыр.
Садақат Матякубова, цех басшысы:
- Фабрикада жұмыс істейтін 400 қыз күніне 8-10 мың дана киім тігеді. Олардың қолынан шыққан өнім Ресейге, Еуропаға экспортталып жатыр.
Ұлттық оюмен өрнектеп, көрпе-жастық тігуде озық тұрған Маңғыстау тігіншілерінің өзбек мақтасын дайын өнім түрінде өздеріне қайтара алатын әлеуеті бар. Алыстан арбалауды қажет етпейтін нарықтың бірі - бұл. Кәсіпкерлерімізге қаржы құюға болатын бірқатар жобалар таныстырылды. Жалпы, Хорезм уәлаятында шетелдік инвесторлардың қатысуымен 64 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның төртеуі қазақстандық. Енді бұл қатарды Маңғыстаудың іскер азаматтары толықтыруы әбден мүмкін.
Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:
- Көптеген кәсіпорындарды аралау барысында анықталды. Бір рет келіп көргеннен артық ештеңе жоқ. Сондықтан, бізбен келген бизнесмендер, мемлекеттік органдар басшылары керекті тұжырымдар жасады деп ойлаймын. Соны нақтылау үшін бірнеше меморандумға бүгін қол қойылды.
Мәңгілік достық шартына қол қойған мемлекеттердің қос өңірі арасындағы байланыс қазірдің өзінде тығыз. Тауар айналымы биыл 16 млн. доллар межесінде, жолаушылар да жиі қатынайды. Көп ұзамай Хорезмнің өкілдері Маңғыстауға қарымта сапармен келмек.
Гүлнұр ҒАЗИЗҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.