Шығысқазақстандық қариялар  шағын футболдан өзара жарыс ұйымдастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығысқазақстандық қариялар  шағын футболдан өзара жарыс ұйымдастырды

01.10.2018

Шығысқазақстандық қариялар  жыл он екі ай спортпен айналысады. «Спорт көп жасаудың кепілі» деген қағидаға берік зайсандық ақсақалдар жазымен футбол ойнаса, қыста допты шаңғыға алмастырады. Бүгінгі мерекеде де олар шағын футболдан өзара жарыс ұйымдастырды. Жеңіске жеткен команда немере, шөберелерімен де бір жолдастық кездесу өткізді.

Кезекті рет жасыл алаңға жиналған ақсақалдар жарысқа дайын. Ең жасы 76-да, басқасы сексеннің сеңгіріне шыққан. Олар төрешінің ысқырығын ести салып, ала допты ұршықша иіре кетті.

Зайсандық зейнеткерлер шахмат пен дойбыдан қол үзбейді. Қар түссе болды, шаңғымен жүгіреді. Кейінгі кездері футболға әуес.

Ильхам Нигмеджанов, 82 жаста:    

-Жас кезімде мен волейбол, бильярд ойнадым. Бірақ, футболға ақсақалдармен бірінші рет келдім. Осы кісілерді қолдайын деп, бірге ойнап жүрмін.

Алғашқы таймда көк киімдегі команда басымдық танытты. Жарыстың орта тұсында екінші команда тайм-аут сұрап, жеңіске жетудің жаңа әдісін ойластырды. Қарсыластарының мықты тұстарын да атап өтті.

Жарыстың екінші бөлігі тартысты өтті.Тіпті, көрермен ақсақалдардың тепкен добына көз ілестіре алмай қалған сәттер де көп болды. Стадионға келген балалар да, жаттығуды ұмытып, жанкүйер болып кетті.

Тұқан Мырзаханов, Зайсан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Немересі атқа шапса, атасы тақым қысым отырады» демекші, атасы ойнап жатқанда, балалар тыпырлап, қол соғып, орнында секіріп отырады. Қызық енді, осының бәрін ойлап отырсақ, рухани жаңғырудың, ұрпақтар сабақтастығының осы үлкен көрінісі деп ойлаймын.

Осы жолы ақсақалдар өзіндік ойын өрнегін көрсете білді. Жеңіске жеткен бірінші команда аудандағы ең жас футболшылармен де жолдастық кездесу өткізді.

Ерсұлтан Әлімбаев, 6-сынып оқушысы:

-Кейде біздің ойнағанымызға қарап, «жақсы футболшы бол» деп батасын беріп кетеді. Риза боламыз, ата «айтқаныңыз келсін» деп айтамыз.

Зайсандық ардагерлер спортпен қоса өнерден де кенде емес. Республикалық байқауда топ жарып жүрген ән-би ансамбльдері де бар. 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу