Аймақ кәсіпкерлерімен болған кездесуде бизнестің ілгерілеуіне тұсау болып отырған күрделі проблемалар айтылды.
Жиналғандар әкімшілік кедергілерді азайту, ауылдық жерде мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі тиісті деңгейде насихатталмайтынын, сондай-ақ қаржы алуда кездесетін қиындықтарды баяндады.
Өңірде техникалық білімді мамандар қат. Осы орайда кәсіпкерлер мен оқу орындары бірлесіп кадр дайындау қажеттігі ұсынылды.
Облыста «Сыбаға» бағдарламасы бойынша кәсіп ашып, нәсібін көріп отырғандар қатары артып келеді. Бірақ, биыл осы бағдарламаға бөлінетін қаржы көлемі азайып қалған.
Президиум төрағасы бұл мәселені шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Сондай-ақ, аймақтың инвестициялық әлеуетін арттырып, экономикасын өрге сүйреу үшін жергілікті кәсіпкерлер мүдделі болу керектігі айтылды.
Тимур Құлыбаев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы:
Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында бүгінгі күні жоғары деңгейдегі байланыс орнатылған. Осы қарым-қатынасты Қызылорда облысына да жеткізу керек.
Аймақта 2 ірі локомотивті сала, яғни, мұнай және газ, уран өндіру секторы бар. Бұл облыс кәсіпкерлері үшін үлкен күш әрі мүмкіндік деуге болады.
Біз қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, жергілікті кәсіпкерлерге ыңғайлы ұзақмерзімді келісім-шарт жасауға ықпал етуіміз қажет.
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ