Брюссельде «Азия-Еуропа» форумының парламенттік ынтымақтастық отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брюссельде «Азия-Еуропа» форумының парламенттік ынтымақтастық отырысы өтті

01.10.2018

Еуропа мен Азия елдері әлемдік деңгейдегі проблемаларды шешу үшін Қазақстанның тәжірибесі мен көмегіне жүгінеді. Бұл туралы қос құрлықтың өкілдері Брюссельде өткен «Азия-Еуропа» форумының парламенттік ынтымақтастық отырысында мәлімдеді. Құрамына 30 еуропалық, 21 Азия мемлекеті, Жаңа Зеландия мен Австралия кіретін АСЕМ диалог алаңына біздің ел 2014 жылы қосылған болатын. Қазір белсенді мүшесі. Брюссельдегі басқосуда да қазақстандық депутаттар кесек-кесек ой тастап, келелі мәселелерді көтерді. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:

- Шығыс Азия мен Еуропаны біріктіретін «Азия-Еуропа» форумы, қысқаша АСЕМ халықаралық ұйым. Әр екі жыл сайын саммиті ұйымдастырылып тұрады. Биыл қазанда Брюссельде өтетін саммит алдында форумға мүше елдердің парламент депутаттары Бельгия астанасында бас қосты. 54 елдің өкілін ғаламдық климаттың өзгеруі алаңдатып отыр.

Еуропада бұрын-соңды болмаған аптап ыстық, қақаған аяз соңғы жылдары жиіледі. Жер сілкінісі, су тасқыны сынды климаттың өзгеруінен туындаған апаттар азиялықтардың да зәре-құтын қашырды. Ғаламдық деңгейдегі күрделі түйткілді шешудің бір жолы-қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың таралуын азайту. Баламалы қуат көздерін дамыту.

Глеб Щегельский, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитет төрағасы:

- Біздің Елбасы 2020 жылға дейін энергияның балама көздерін пайдалануды 3 пайызға жеткізу туралы міндет қойды. Қазір сол міндетті орындауға бағытталған заңдар, «жасыл» экономиканы дамыту бағдарламасы бар. Біз климаттың өзгеруіне қатысты Париж келісімін былтыр ратификацияладық. Келесі жылы Президенттің тапсырмасымен жаңа экологиялық кодекс қабылданады.

Тың жаңалықтардан бөлек, қазақстандық депутаттар көпшілікке елдегі экологиялық ахуалды да бір шолып өтті. Семей полигонының зардабын, Арал теңізінің қасіретін тартқан халықтың мұң-мұқтажын жеткізді.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Арал теңізінің проблемасы бұл Орталық Азиядағы 5 мемлекеттің ғана проблемасы емес, ол жалпы адамзаттың проблемасы. Өйткені, оның табанынан шыққан тұз Еуропа елдеріне, тіпті, Солтүстік Мұзды мұхитқа дейін жетіп отыр. Міне, осы тұрғыдан келген кезде біз Арал проблемасын Бүкіләлемдік банкпен, Еуропалық қайта құру банкімен, әлемдегі ірі қаржы институттарының көмегімен шешу керек.

Хейди Хаутала, Еуропалық парламенттің вице-президенті:

1991 жылы Аралға барып, теңізді өз көзіммен көрдім. Алып теңіздің сусыз қалғанын көріп, қатты толқыдым. Тұздың ауаға таралуынан түрлі ауруларға шалдыққан адамдармен де тілдестім. БҰҰ, жалпы барлығымыз Арал проблемасының шешілуіне көбірек көңіл бөлуіміз керек. Себебі, ол-ғаламдық климаттың өзгеруіне әсер етіп отыр.

«Ортақ қауіп төнген тұста, жұмыла күш біріктірген дұрыс» деген депутаттар жиын барысында парламентаралық ынтымақтастық жайын да сөз етті. Өзара ақылдасып, тәжірибе алмасты. Көбі біздің елдегі ұлтаралық келісім үлгісіне қызығушылық білдіріп отыр. Әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз етуге сеп болған Қазақстаннан көпшілік климаттың өзгеруіне тосқауыл болатын тың бастама күтеді. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу