«Ақтөбе» футбол клубы сатылатын болды. Ойыншылар алдында қарызға белшесінен батқан спорттық ұжым тендерге шығарылып отыр. Еліміздің бес дүркін чемпионы атанған клубтың бастапқы құны 100 миллион теңге. Сатып алушыға қандай талап қойылады? Команданың ойыншыларға берешегі өтеліп жатыр ма?
Соңғы жылдары басынан дау кетпеген «Ақтөбе» футбол клубы енді сатылатын болды. Бұл он мыңдаған жанкүйерді алаңдатып қойды. Себебі, дәл қазір қыруар қарызымен оны сатып алушының табыла қоюы қиын.
Береке Шаймағамбетов, «Ақтөбе» ФК жанкүйері:
- Салықтық қарызы 300 миллион дейді. Оны санамағанда былтырғы жылғы футболшыларға 2 миллиардтай қарызы бар. Бірақ, алса жақсы болар еді деп ойлаймын.
Клубты сатып алатын адам оны 7 жыл басқарады. Тендер шарттарының бірі - жаңа қожайын Ақтөбе қаласы мен аудандардағы балалар футболын да қоса дамытуы қажет. Басқарушыны тағайындау мен орнынан босату Ақтөбе облысының қаржы басқармасымен ақылдаса іске асуы тиіс.
Гүлназ Сисенова, Ақтөбе облыстық Қаржы басқармасының басшысы:
- 2015 жылғы 30 желтоқсандағы Үкімет шешімімен 2016-2020 жылдарға жекешелендіру кешенді жоспары бекітілген болатын. Сол кешенді жоспарға Ақтөбе облысы бойынша 9 нысан енгізілген болатын. Сол 9 нысанның бірі «Ақтөбе» футбол клубы. Өтпеген жағдайда өзінің конкурс ережелеріне сай бірінші, екінші этап деп, процедуралары жалғасады.
Ал өңір спортына жауапты мамандар клубтың қарызы бойынша мәселені шешіп жатырмыз дейді.
Мейрамбек Махамбетов, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Бізде 2018 жылы спортшыларымызға, «Ақтөбе» футбол клубы алдында ешқандай қарызымыз жоқ. Халықтың айтып жүрген қарыздары бұрынғы жылдарда пайда болған ҚР заңнамаларына сәйкесінше жасалмаған қателіктерге байланысты болып жатыр. Бірақ, ол жерлерде де айқындалатын мәселелер әлі көп.
Облыстық спорт басқармасының басшылығы команданың алдыңғы жылдардағы ойыншыларға берешегі қанша екенін нақты айтпай отыр. Себебі, легионерлермен келіссөздер әлі жүріп жатқан көрінеді. Ал, клубты сатып алуға ниеттілер бар ма, жоқ па, ол 9 қазан күні белгілі болады.
Жақсыбек КЕМАЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.