Қазірдің өзінде облыстағы ірі шаруа қожалықтары Ресей, Беларусь кәсіпорындарымен алыс-беріс жасалуда. Экономикалық одақ жұмысы жолға қойылса, сауда- саттық жанданып, дамуға одан әрі мүмкіндік берілмек.
Семейдегі «Мұздыбай-1» шаруа қожалығы - өңірде көкөніс өсіретін ірі шаруашылықтың бірі. 2005 жылы жұмысын тыңнан бастаған Талғат Баймұрынов 5 гектар ғана жерді өңдеп, өнім алған.
Бүгінде егіс алқабының көлемі 350 гектарға жетіп, шығыс өңірді көкөніспен қамтамасыз етіп отыр. Сапасы жоғары өнімге Ресейден сұраныс артып, екі жылдан бері, ол жаққа да жөнелте бастады.
Талғат Баймұрынов, шаруа қожалығының жетекшісі:
Биыл да жоспарлап отырмыз. Олар дайын алуға. Шілденің соңына қарай алғашқы өнімдеріміз дайын болады. Былтыр Ресейге 500 тонна өткіздік. Биыл 1500 тоннадан кем емес, деп жоспарлап отырмыз.
Талғат Баймұрынов ісінің ширай түсуіне мемлекеттік бағдарламалар сеп болды дейді. Бүгінде жоғары сапалы тұқым алу, дайын өнімді сату мен қажет техникаға қол жеткізуге де, түрлі жеңілдіктер қарастырылған.
Осыған дейін немістің агротехникасын алып келген шаруашылық, енді бұл бағытта Беларусь елімен байланысты нығайтпақ.
Талғат Баймұрынов, шаруа қожалығының жетекшісі:
Техникаларын көріп сапасын байқап, дұрыс болса биылдан бастап Беларусь елінің техникасын аламыз ба, деген ойымыз бар. Шекарада проблема болмайды өтуге. Техниканы, біздің продукцияны өткізуге өте жақсы болады, деп ойлаймын.
Юрий Шиловтың шаруашылықта механизатор болып жұмыс істегеніне 4 жыл болған. Осы уақыт аралығында көп оң өзгерістердің куәсі болдым, дейді. Мәселен, қолданыстағы техниканың 90 пайызы жаңартылып, жұмысшылар саны екі есеге артқан.
Юрий Шилов, механизатор:
Жаңа техникалар алып жатыр. Құрылыс бастап жатырмыз. Егінді салып болдық енді. Бұйырса тосып отырмыз, өнім жақсы болады, деп. Жылдан-жылға жақсарып келеді.
Сапалы көкөніске көрші елден сұраныс артып отырғандықтан, егіс алқабы да біртіндеп ұлғайып келеді. Жаңадан қоймалар салынуда. Жыл сайын гектарына 30 тоннадан өнім алып келген шарушылық нәтижені арттыра түспек.
Ержан ЖАҚЫП