Көкшетауда Қопа көлінің жағалауы көркейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда Қопа көлінің жағалауы көркейеді

28.09.2018
Көкшетауда Қопа көлінің жағалауы көркейеді

Көкшетаудағы Қопа көлінің жағасы енді берер жылда адам танымастай өзгермек. Жергілікті билік келесі жылдан бастап бұл жерді абаттандыруды көздеп отыр. Ол үшін әуелі жағалаудағы 100-ден астам үй ысырылмақ.

Қопа көлі жағалауының қазіргі жағдайы міне, осындай. Біріншіден, бұл жерде автомобиль жолы түгілі жаяу жүргіншіге арналған жолақ жоқ. Екіншіден, тұрғын үйлер жағалауға жақын орналасқан. Салдарынан көктем сайын баспаналарды су басып қалады. Үшіншіден, бұл жерде болуы керек құмның орнына ірі тастар толы. Сондықтан да, қала көркін келтіретін жағалау керісінше, шаһардың ажарын алып тұр.

Сүрілетін үйлердің барлығы ескі. Баспаналар өткен ғасырдың басында салынған. Қала тұрғыны Григорий Кубрагтың айтуынша, үйлерді бұзу туралы көптен бері айтылып жүр. Бірақ, әлі нақты іс-әрекет жоқ. 

Григорий Кубраг, қала тұрғыны:

- Бұл үйлерді, әрине, бұзу қажет. Біріншіден, су басып қала береді. Екіншіден, баспанада әрдайым ылғал. Біз үйлердің сүрілуіне қарсы емеспіз. Бастысы, бағамен келісу керек. Бұл жерде тұрып жатырмыз. Бұзып тастаған соң, қайда барамыз? Берген өтемақы пәтер алуға жеткілікті болу қажет. Басқа баспана берсе де, келісер едік.   

Қопа көлінің жағасын игеру үшін 2012 жылы жоба әзірленген. Оған өткен жылы түзетулер енгізу туралы шешім қабылданды. Ал, келер жылы жергілікті билік құрылыс жұмыстарын бастамақ. Сондықтан, жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Қазіргі есеп бойынша 108 жер телімі тұрғындардан сатып алынады.

Илуа Әбенов, қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Біздің басты мақсатымыз - жол салу. Сондай-ақ, су құбырлары мен кәріз жүйесін тартамыз. Бұл ауданның дамуына осы инфрақұрылымның жоқтығы кедергі келтіруде. Жағалау ретке келтіріліп, құм төселеді. Ағаштар егілмек. Балабақша мен мектеп салу жоспарда бар. Осыдан кейін Қопа көлінің жағалауы инвесторларды тартуға лайықты болады. Тұрғын үй кешендерін кәсіпкерлер есебінен салуды көздейміз. 

Әзірге жер телімдерін сатып алу құны нақты белгіленбеді. Оны тәуелсіз бағалаушылар айтады. Ал, жергілікті билік өкілдері тұрғындарға өтемақы немесе жаңа пәтер ұсынуға дайынбыз дейді. 

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

 «YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу