Балқаш көлінің бас жоспары дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқаш көлінің бас жоспары дайын

08.08.2022

Жетісу облысының экономикасын дамытуда туризм саласының әлеуеті зор. Әсіресе Балқаш көлінің шығыс жағалауы демалыс орындарын ашып, емдеу-сауықтыру кешендерін салуға қолайлы. Жағалаудың бас жоспары әзір. 860 гектар аумақта 7 бағыт бойынша демалыс аймақтары белгіленген. Алайда инфроқұрылымын ретке келтіру қажет. Жағажайда қазір электр жарығы, ауыз су мен кәріз жүйесі жоқ.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Табиғат ананың өзі бұл жерде демалушыларға барлық жағдай жасап қойғандай. Балқаш көлінің бұл жағалауындағы 18 шақырым жағасының бәрі құм. Сондай-ақ қатты терең емес, балалардың шомылыуына өте қолайлы. Ал терең жерді іздеген ағайын көлге қарай ондаған метр жүріп өтуі керек.

Жолдың қашықтығына қарамастан Балқашқа демалуға келген адамдардың қарасы қалың. Көлдің қасиетін білгендерге құрылысы ұзаққа созылған жол да кедергі емес.

Құсайын Жапақов, Талдықорған қаласының тұрғыны:

Кореяда, Ресейде, Грузияда болғам. Бірақ өзімізге жететін жер жоқ. Бәрі тамаша. Тек мына жолды жөндесе. Жолдың бәрі жақсы болса халық көп келеді.

Жолдан бөлек жағалауда ауыз су, электр қуаты және кәріз жүйесі жоқ. Егер инфрақұрылым реттелсе жергілікті тұрғындар да инвестиция салуға дайын. Көл жағасында кәсібін дөңгелеткен Руслан Сәттібеков солардың қатарында.

Руслан Сәттібеков, кәсіпкер:

Жағалаудан жер берілсе шет елден кем болмайтындай үлкен үлесімізді қосуға даярмыз. Осындай азаматтар Қазақстанның түпкір-түпкірінде бар, қай жерге қомақты аяққа тұрған азаматтар осы жағалауға пансионат салсақ деп. Бірақ сол жаңағы коммуникацияның болмағаны себепті кішкене жағалау дамымай жатыр.

Бас жоспарға сәйкес, 860 гектар аумақта 7 бағыт бойынша демалыс аймағы белгіленген. Инфроқұрылымның өзіне 5 млрд теңгеге жуық қаражат қажет. Мұнан бөлек 13 млрд теңге жеке инвестиция тартылмақ.

Гүлнар Серікбаева, Лепсі ауылдық округінің әкімі:

Бүгінгі таңда 27 шақырым жол жасалынып жатыр. Енді Көкжиде ауылынан су тартылатын болады. Кәріз жүйесі тартылады. Сонымен қатар Лепсі ауылынан свет тартылады. Жарықтандыру тартылатын болады.

Көлдің келешегі зор. Дегенмен қазірдің өзінде жергілікті тұрғындар екі ай шомылу маусымында бір жылдық нәпақасын табуға тырысады.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу