Шарқ ұрып, 6 жасар ұлдарының дертіне дауа іздеп барған олар жасалған ем-дом үшін медициналық орталыққа қарыз болып қалған. Үйдегі үш баланың кенжесі онкологиялық ауруға шалдыққан Богдан Унру Сеул қаласындағы медициналық орталықта осыдан 4 күн бұрын көз жұмды. Қайғы жұтқан ата-ана отандастарының көмегіне зәру.
Берік Көшербай, тілші:
-Шығыс Қазақстанның Бородулиха ауданындағы Бел-Ағаш ауылында туған Богдан Унрудың қатерлі ісік ауруына шалдыққаны былтыр тамыз айында белгілі болған. Бастапқыда квотамен Астанадағы медициналық орталықта 4 ай емделген. Емнен нәтиже болмаған соң ата-анасы оны Оңтүстік Кореядағы клиникаға апарған. Бүгін бізге баланың әкесі ол жақта болған жайды телефон арқылы айтып берді.
Виктор Унру, Богдан Унрудың әкесі:
-Біз мұнда биыл ақпан айында келдік. Дәрігерлер ем-дом жасады, бірақ беті бері қарамады. 30-шы тамызда баламыз реанимацияға түсіп, осыдан 4 күн бұрын көз жұмды. Біз емханаға қазір 80 мың доллар шамасында қарызбыз. Ақшаны төлей алмадық, сол себепті бізге ұлымыздың денесін бермей отыр. Отандастарымнан көмек көрсетуді сұраймын.
Берік Көшербай, тілші:
-Қазір баланың денесі мәйітханада. Ол үшін де тәулігіне 90 доллар төлеу қажет екен. Сеул клиникасы болса, серделдеңге түскен ата-анадан қарызды төлеуді талап етіп отыр. Онсыз науқастың қайтыс болғаны туралы анықтама да берілмейтінін хабарлаған. Шығыс Қазақстандағы Бородулиха ауданының тұрғындары Богданның еміне барынша қаржылай қолдау көрсеткен. Енді оның ата-анасына тағы да көмек көрсету үшін ақша жинап жатыр.
Берік КӨШЕРБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.