Қазақстанда қоқыстан электр энергиясын өндіретін зауыттар ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда қоқыстан электр энергиясын өндіретін зауыттар ашылады

27.09.2018

Жобаны испандық компания жүзеге асыруға ниет білдірген.  Осылайша, 9 ірі қаланың қоқыс полигондары тазартылатын болады. Бүгін қазақ-испан іскерлік кеңесінің кезекті отырысы өтіп, аталған жобаны жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылды.

Диего Амадо бұрын Испанияның Қазақстандағы елшілігінде жұмыс істеген. Біздің елдің әлеуметтік, экономикалық, инвестициялық әлеуетін жақсы біледі. Тіпті, ділі мен аздап тілін де меңгерген. Осы мүмкіндікті пайдаланып, испаниялық қоқыс өңдеуші алпауыт компанияны біздің елдің нарығына тартқан.  Былтыр қолға алынған жоба биыл меморандум болып бекіді. Ол бойынша тоғыз қалада қоқысты өңдеп,  газ алып, одан электр энергиясын өндіреді.  Әрбір қаладағы жоба құны 29-40 миллион еуро.

Диего Амадо, «Е-жасыл» компаниясының директоры (Испания):

- Алғашқы зауыттың нақты қай қалада болатынын әзірге айта алмаймын. Себебі, келіссөздер әлі жүруде. Дегенмен, Жезқазған немесе Шымкент қаласы деп жоспарладық. Себебі, мұнда инфрақұрылым дайын. Біздің әлем бойынша 30-дан астам осындай зауытымыз бар. Ең жақыны Словакияда жұмыс істеп тұр. Қазақстандағы өндірісті 1-1,5 жылда ашамыз деген жоспар бар.

Қоқысты сұрыптайтын зауыттар бізде болды. Ал одан энергия алу бірінші рет қолға алынды. Сондықтан, Үкімет бұл жобаны жан-жақты қолдауға мүдделі. «Бәйтерек» холдингі инвесторлардың еуро валютасындағы тәуекелдерін азайту үшін жобаның бір бөлігін Қазақстан даму банкі арқылы қаржыландыруға дайын. Сондай-ақ, инвесторларға жоба іске қосылғанша көмек көрсетеді.

Әділ Өтембаев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, KPPF  АҚ басқарма төрағасы:

- Біздің мекеме «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы ретінде инвесторларға қолдау көрсетеді. Әкімдіктермен келіссөздер жүргізу мен мемлекеттік және жекеменшік серіктестік әріптестік құралдарын ұсынамыз. Қазір испаниялық инвесторлар 9 әкімдікпен құны 150 миллион еуро болатын осы жобаны талқылауда.

Қазақ-испан іскерлік кеңесі екі ел бизнесін дамытатын жалғыз алаң емес. Бұдан бөлек, үкіметаралық комиссия жұмыс істейді. Іскерлік кеңестің бүгінгі бесінші жиынында өзге да салалар бойынша әріптестікті арттыру бойынша меморандумдарға қол қойылды.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу