Елімізде жемқорлықтың азаюына қандай әрекет жасалуда? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жемқорлықтың азаюына қандай әрекет жасалуда?

25.09.2018

Халыққа мемлекеттік қызмет көрсету елімізде жемқорлық кең етек жайған салалардың бірі. Бұл тек Қазақстанда ғана емес барлық посткеңестік елдерде кездесетін жағдай. Бүгін Әділет министрлігінде осы мәселе жан-жақты қаралды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері жемқорлық фактілері жиі тіркелетін органдар мен салалардың жұмысын қарастырды.

Бақытжан Омар, тілші:

- Халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудегі жемқорлық фактілерін азайтудың басты жолы – электронды жүйеге өту.  Мұндай тәжірибені Грузия мен Балтық елдері кеңінен қолданады. 2022 жылы Қазақстанда бұл саладағы қызметтердің 90 пайызы жаңа жүйеге өтеді. Яғни, мемлекеттік қызметті көрсететін және тұтынатын адам арасында еш байланыс болмайды. Барлығы компьютер арқылы шешіледі.Ал әзірге елімізде қызметтердің 55 пайызы ғана электронды форматта. 23 пайызы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына берілген. 22 пайызы сол баяғы ескі жүйемен, яғни, қағаз толтыру арқылы жүргізіледі. Жалпы мемлекеттік қызметті көрсететін мемлекеттік органдарда жемқорлық фактілері кең етек жаймаса да, түбімен жойыла қойған жоқ. Ең көп қызмет беретін Әділет министрлігінің өзінде соңғы 2,5 жылда 45 факті тіркелген.

Олжас Бектенов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:

- Аймақтарда осындай құқықбұзушылықтар орын алады. Оңтүстікте өкінішке орай, осындай фактілер бар.

Жиында талқыланған тағы бір өзекті мәселе – мемлекеттік қызметкерлердің әдебі турасында болды. Биылғы жылы тәртіптік жауапкершілікке 139  адам тартылған. Ал былтыр бұл көрсеткіш 200-дің үстінде болды. «Жалпы мұндай фактілер көбінесе Ақтөбе, Алматы және Қостанай облыстарында жиі кездеседі», - деді агенттік өкілдері. 

Равиль Төлебаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры:

- Әдеп жөніндегі нормалардың көрсеткіші жылдан-жылға азайып келе жатыр деп айтуға болады. Қызметтік автокөліктерді жеке мақсатта пайдалану былтырғы жылмен салыстырғанда биыл күрт төмендеді. Биылғы жылы тек бірен-сараны анықталды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметкерлерді әлеуметтік тұрғыда қолдау  мәселесін үнемі көтереді.  Бұл тек айлықты өсіру емес, қарапайым қызметкерлердің баспана мәселесін ретке келтіру. Алайда, жемқорлықтың жетегінде кеткендер өздерінің арам пиғылдарын осы жерде де жүзеге асырады. Біреуге бұйырған баспананы тамыр-таныс немесе пара арқылы заңды аттап бере салады. Өкінішке қарай, мұндай фактілер кез келген органда кездеседі. Дегенмен, агенттік өкілдері жемқорлықты түбімен жоймасақ та, оны азайтуға әрекет жасаймыз деп отыр.  Оған төмендеген соңғы көрсеткіштер дәлел.

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу