Қамбаш көлінің жағасындағы балықшылар ауылы Қосжарда дәл қазір шаруа қызып тұр.
Шүпірлеген шабақтар қосжарлықтардың жаз бойғы еңбегі. Оның әрқайсысы тарыдай ғана уылдырықтан өсіп шыққан. Бұл- Қамбаш көлінің жағасындағы балық өсіру питомнигі мамандарының еңбегінің жемісі. Шабақтарды шығынсыз өсіріп-баптау оңай шаруа емес.
Он жыл бұрын Аралда теңіздің тұзды суына шыдайтын камбала деген балық қана болды. Ал қазір бағалы өндірістік балық түрлерін көбейтуге мүмкіндік туып отыр.
Нұрқабыл Құланов, «Қамыстыбас» мемлекеттік балық өсіру тәлімбағының директоры:
- Бір алған суды биофильтр арқылы тазалап, қайтадан пайдаланып отыратын цех саламыз деп жоспарлап отырмыз.
Питомниктің жұмыс ауқымы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Себебі, 2000 жылдары теңізден небәрі 500 тонна ауланатын болса, қазір жылына 5 мың тонна балық ауланып жатыр. Алдағы бес жылда ол көрсеткіш 10 мың тоннаға жетеді деген болжам бар. Ал теңізге береке кіріп, су маржаны көбейген сайын балықшылардың да әлеуметтік жағдайы жақсарады.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.