Әли Демир: Жедел жәрдем жүргізушісі Кучма Николайдан кешірім сұраймын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әли Демир: Жедел жәрдем жүргізушісі Кучма Николайдан кешірім сұраймын

21.09.2018

Алматыда науқастарды ауруханаға апара жатқан жедел жәрдем көлігінің жолын бөгеп, жүргізушісін соққыға жыққан шетел азаматы Әли Демирді тұтқындауға қатысты өтінішін қарастырмауды сұраған Алмалы аудандық полициясының тергеушісінен хаты Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотына түсті.

Бұған дейін күдікті кепілмен босатылған еді. Алайда, оны қамауға алу шарасын қайта қарауға қатысты сот отырысы басталар алдында тергеуші өз өтінішінен бас тартыпты. Ал, түрік азаматы бүгін әлеуметтік желі арқылы жәбірленуші мен халықтан кешірім сұрады. Ол оқиға болған күні күйзелісте жүргендігін, екі күн бұрын көлігі ұрланғандығын айтады. Әйелі және 5 айлық қызы бар екендігін де жеткізіп, қоғамнан түсіністік танытуды сұраған.

Ал, соққы алып, ауыр жарақаттанған Николай Кучма болса, істі сотқа дейін жеткіземін. Денсаулығым нашар. Әлі бір апта ауруханада жатамын. Оның адвокаты менің қорғаушыма хабарласып, кешірім сұрап, ем-домға кеткен шығынды өтейміз, депті. Бірақ, мен оған кешірім бермеймін, деді.   

 Әли Демир, Түркия азаматы:

- Бүкіл Қазақстан халқынан шын жүректен кешірім сұраймын. Жедел жәрдем жүргізушісі Кучма Николайдан кешірім сұраймын. Жасаған қателігімді мойындаймын. Сол күндері стресте жүрдім. Мұның себебі, 16-шы қыркүйек күні біреу автокөлігімді ұрлап кетіпті. Сол үшін жазған арыздарымның ресми құжаттары да тіркеліп тұр. Әрине, жасаған ісім қателігімді ақтамайды. Мен Қазақстан халқынан мені түсінуін өтінемін.

Амангелді СЕЙІТХАН       

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.                          

Хабарламаларға жазылу